×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Талғардағы істе атыңыз аталды, Хасан Қасымбаевты танисыз ба – Жақып Асановтың жауабы

17.10.2024, 15:19
Талғардағы істе атыңыз аталды, Хасан Қасымбаевты танисыз ба – Жақып Асановтың жауабы
Ulysmedia коллажы

Талғарда жасөпірім Шерзат Болат өлтірілгеннен кейін "сол жерде ОПГ лидері Хасан Қасымбаев екен, оның қазіргі сенатор – бұрынғы Жоғарғы сот төрағасы болған Жақып Асановпен таныстығы бар екен" деген әңгіме көп тараған. Мұндай ақпарат әсіресе әлеуметтік желіде көбірек жазылды. Ulysmedia.kz тілшісі мұның рас-өтірігін сенатор Жақып Асановтан сұрап көрді.

АСАНОВ НЕ ДЕЙДІ

– Талғардағы оқиға кезінде сіздің де атыңыз атала бастады. Сол жердегі Қасымбаевтармен туыстығы, таныстығы деген мәліметтер тарады. Ол жайлы естідіңіз бе?

– Әрине, естідім. Бірінші күннен бастап маған айтты. Не айтасыз деп сұрады. Мен бірдеңе деуден бас тарттым. Себебі оның бәрі өтірік, жалған. Ол адамдарды танымаймын, білмеймін, көрген емеспін. Неге жариялады десеңіз қазір әлеуметтік желіде жалғандық көп қой, оның бәріне сене беруге болмайды. Бірақ кім біледі? Менің атымды шығарайын деп біреу…

– Яғни, Қасымбаев дегендерді танымайсыз ба?

– Мәселе тек менде емес. Жалпы жалғандық көп. Әрине, оның барлығы тергеу амалдарын жасауға үлкен кедергі жасап отыр. Меніңше, осындай жалған ақпарат бойынша жұмыс істеуіміз керек. Қазір қоғамда осылай адастыратын ақпарат көбейіп кетті. Олардың авторларын анықтап, жариялауымыз керек. Жұртшылыққа жеткізуіміз керек. Оны тіпті туысқандары, жақындары, ортасы білуі керек. Ондай адамдардың сөздеріне кейін ешкім сенбеуі керек.

– Жалған ақпарат таратылса, сіз сотқа арызданасыз ба?

– Мен өзімнің жағдайымды айтып тұрған жоқпын. Енді көріп отырсыздар. Өте қиын жағдай. Қиянаттың қиянаты ғой. Жап-жас мектептегі баланы ересек бірнеше жігіт жамылып, әке-шешесін жібермей, өлтіргені ауыр ғой. Қазаның жеңілі жоқ дейді. Мынау бірақ өте ауыр.

– Талғарда туысқандарыңыз бар ма?

– Бірде-бір туысқаным жоқ.

– Бұл іс бойынша ашық сот өтуі керек деп ойлайсыз ба?

– Енді оны судья шешеді. Прокуратура айтып қалды. Оны қазір мен айтқанымен, орынсыз болады. Оны сол іс бойынша төрағалық ететін судья шешеді.

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Еске сала кетейік, Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты.

Прокуратура Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты мәлімдеме жасап, «әділ тергеуге кепілдік береміз» деп ақпарат таратқан. Алайда тергеушілерге сенбеген марқұмның туған-туыстары көшеге шығып, әділдікті талап етті. Олар сол түні болған 13 адамның орнына 7 адамның ғана қамалғанына наразылық білдірді. 

Қаза тапқан жасөспірімнің әкесі бейнебақылау камерасының жазбасын әлдекімдер өшіріп тастағанын айтқан еді. Алайда ІІМ ол мәліметті жоққа шығарды. 9 қазанда депутат Нартай Аралбайұлы бас прокурор Берік Асыловқа, ішкі істер министрі Ержан Сәденовке және оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа депутаттық сауал жолдап, 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс деп мәселе көтерді. Ал оның әріптесі Абзал Құспан қылмыстық кодекстің 201-бабын (сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) өзгерту керек деп есептейді. Бұл қажеттілік оның сөзінше, Талғардағы жасөспірімнің өлімінен кейін айқын сезілген.

Ulysmedia.kz күдіктілердің бірі таяуда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеуі керек болғанын, екінші күдікті жауапкершіліктен жалтарып кеткенін анықтаған еді. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырады. Қайғы үстіне қайғыға душар болған Нұрымов әулетінің билікке қояр екі-ақ талабы бар.