Алматы көшелерінде шиеттей балаларын қасына ертіп, ән айтып жан бағып жүрген ана әлеуметтік желіде көпшіліктің сынына қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Алматы көшелерінің бірінде түнделетіп, белгілі әнші-сазгер Гауһар Әлімбекованың “Перзент сыры” әнін орындап тұрған ананың кім екені, қай жақтан келгені белгісіз.
Видеода қолындағы баласының жылап тұрғаны байқалады. Ал қоларбасының алдын жауып, қымтап қойғанына қарағанда тағы бір нәрестесі бар сияқты.
Видеоға қатысты жазылған пікірлер екіге жарылған. Бір тарап баласын жылатып, көшеде не істеп жүргенініне кейіп, “басқа жұмыс таппай ма” деген сияқты сын айтса, бір тарап жанашырлық танытып, тілегін жаудырып, көмек қолын созуға ниет білдірген.
“Жаным-ай, ән айтып баламен нәпақасын тауып жүрген мықты әйел екенсіз. Ғұмыр-жасыңыз ұзақ болсын, әпке”, депті бір пікір иесі.
Енді бірі қисапсыз қаржы шашып жүрген блогерлерге қаратып, “Осындай кісілерге көмектесіп жіберсе ғой, күн суықта балаға обал” деп жатыр.
Тағы бір тарап ана мен баланы осындай күйге түсірген әкені, қала берді елдегі жұмыссыздықты түбегейлі шеше алмай отырған Үкіметті қатаң сынға алған.
Сондай-ақ банктік есеп-шотын сұрап, тіпті “балаңды қарап берейін, алаңсыз ақша тауып ал” деген мейірімге толы пікірлер де аз емес.
Ең бастысы желі қолданушылары әнші ананың тамаша даусына тамсанып жатыр.
@zulu_333♬ оригинальный звук - Обезбашеная