×
$
445.65
508.71
5.3
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
445.65
508.71
5.3

Төбесі опырылған Студенттер сарайы: ғимаратты жаңғырту неге созбаққа салынды

Бүгін, 16:50
Төбесі опырылған Студенттер сарайы: ғимаратты жаңғырту неге созбаққа салынды
Ulysmedia.kz коллажы

Алматыда Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының төбесі түнде қақ ортасына түскеннен кейін әлеуметтік желіде ғимаратта төтенше жағдай болғаны туралы ақпарат тарады. Алайда университет пен құрылыс компаниясы бұл төтенше жағдай емес, алдын ала жоспарланған ғимаратты бөлшектеу шарасы болғанын мәлімдеді.

Ulysmedia.kz тілшісі тарихи ғимараттың не себепті бұзылғанын, неге жұмыс түнде жүргізілгенін, неліктен жатақханада тұратын студенттерді, жақын маңдағы тұрғындарды алдын ала ескертпегенін сұрастырды. Сонымен қатар, Студенттер сарайын жаңғыртуға қанша қаражат бөлінгенін, жөндеу жұмыстары қашан аяқталатынын анықтап қайтты.

«Төтенше жағдай емес, алдын ала жоспарланған жұмыс»

Әлеуметтік желілерде 23-інен 24-іне қараған түні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының шатыры қақ ортасына түскені туралы ақпарат тарады. Сол маңда тұратын тұрғындар ғимараттан шыққан қатты дыбыстан шошып оянғандарын жарыса жазды. 

Ғимараттағы жұмыстарды жүргізіп жатқан Exclusive Construction компаниясының өкілі Николай Фальковтың айтуынша, төбенің құлауы кездейсоқ болған жоқ. Оның сөзінше, бұған дейін ғимарат конструкцияларының апатты жағдайда екені туралы сараптамалық қорытынды алынған.

«21-і күні жоспарлы демонтаж кезінде біз конструкцияларды жұмыс күші мен механизмдердің көмегімен бөлшектеп жатқанбыз. Сол кезде біз тоқтата алмайтын процестер басталғанын және конструкцияның кез келген сәтте құлауы мүмкін екенін көрдік. Осыған байланысты қайтадан тексеру жүргізіліп, адамдарды, жұмысшыларды ол жерден шұғыл шығару туралы шешім қабылданды. Оларға қауіп төндірмеу үшін бірқатар шара жүргізіп, конструкцияның құлауын өзіміз бақыланатын түрде жүзеге асырдық», – деді Фальков.

Оның айтуынша, конструкцияның кей жерлері алдын ала кесілген. Жұмысшылар төбені бірден толық құлатпай, оны біртіндеп бөлшектеуге тырысқан.

«Кей жерлерде конструкцияларды жоспарлы түрде кесіп отырдық. Өз салмағымен біртіндеп құлай бастаған жерлері болды. Бір жарым-екі ай бойы оны ішінара бөлшектеп келдік. Бірақ белгілі бір сәтте конструкцияның деформациясы басталды, біз алдын ала не болатынын болжай алмаған соң бірден құлатуды шештік. Сондықтан 23-нен 24-не қараған түні осы процесті бастадық. Алдын ала күндіз біз ғимараттың төбесі бірнеше сағатта өздігінен құлап түсуі үшін  шатырдың төменгі жағын жұқалатып бастадық», – деді ол.

Неге студенттер мен тұрғындар бұл процестен бейхабар болды?

Николай Фальков жұмыстардың кешкі уақытта жүргізілуінің себебін студенттердің оқу процесіне кедергі келтірмеумен байланыстырды. Оның айтуынша, бастапқыда бұл процесс кешкі сағат 22:00-ге дейін аяқтау жоспарланған, алайда жұмыс уақытынан ұзағырақ созылған.

«Ғимаратты бөлшектеу жұмыстарын кешкі уақытта жүргізуді студенттерді күндіз мазаламау, оқу процесін тоқтатпау үшін шештік. Жоспар бойынша жұмысты кешкі онға дейін аяқтауымыз керек еді, бірақ уақыт жағынан сәл кешігіп қалдық», –  деді Фальков.

Сонымен бірге компания өкілі жақын маңдағы тұрғындарға алдын ала ескерту жасалмағанын мойындады.

«Өкінішке қарай, тұрғындарға хабарламадық. Бұл жерде, бәлкім, біз қателестік. Мұны жасауымыз керек еді. Қала тұрғындарын алаңдатып, осындай жағдайға душар еткеніміз үшін кешірім сұраймыз», –  деді ол.

Сонымен қатар Ulysmedia тілшісі сол маңдағы жатақханада тұратын студенттерден де түндегі ғимараттан шыққан шуды естіген-естімегенін сұрастырды. Аты-жөндерін айтпауды сұраған студенттер өздеріне түнде Студенттер сарайында күрделі әрі қауіпті бөлшектеу жұмыстары жүргізілетінін университет өкілдері алдын ала ескертпегенін айтты.

«Иә, біз ол қатты дыбысты естідік, әсіресе ғимаратқа жақын орналасқан жатақханаларға қатты естілді. Ол дауыс бір сәтте шыққан соң шошып кеткеніміз бар. Бізге алдын ала ешкім ескертпеді, бәлкім, бізде 23:00-де жатақхана жабылады ғой, ал ол ғимараттың шатыры түнгі он бірден өте қирай бастады. Бәлкім, содан біз ол маңда жүрмейді деп ойлаған шығар», –  деп жауап берді студенттер.

Студенттер сарайын қайта жаңғыртуға не себеп?

Жалпы жоғарғы оқу орны ғимаратты қайта жаңғыртуға қатысты мәлімдемесінде 2023 жылы аккредиттелген ұйым жүргізген техникалық зерттеу барысында ғимаратта бірқатар елеулі ақау анықталғаны айтылған. Олардың қатарында темірбетон конструкцияларының зақымдануы, бағандардың коррозияға ұшырауы мен ішінара бұзылуы, ригельдердің иілуі, түйісу орындарының бұзылуы, шатырдың металл конструкцияларының коррозияға ұшырауы және жергілікті деформациялар бар.

Сонымен қатар, Сейсмикалық төзімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында нысанды кешенді реконструкциялау қажеттілігі туындағанын айтты.

Фальковтың айтуынша, ғимараттың қазіргі жағдайына бірнеше фактор әсер еткен. Соның ішінде шатырдың гидрооқшаулағыш қабатының тозуы мен ұзақ уақыт бойы болған су ағу салдарынан металл конструкцияларының коррозияға ұшырауы бар.

«Шатырдың жабындысы мен гидрооқшаулағышы тозған. Үнемі су өткен. Соның салдарынан металл конструкциялары, фермалар коррозияға ұшыраған. Қазір оның бәрі көзге анық көрінеді. Металл уақыт өте келе өз беріктігін жоғалтқан», –  деді құрылыс компаниясының өкілі.

Нысанның құрылысы 1985 жылы басталып, 1998 жылы аяқталған. Фальков студенттер сарайының ұзақ жылдарға созылған құрылысы да конструкциялардың жағдайына әсер етуі мүмкін екенін айтты. 

Ғимараттың төбесін құлату кезінде құрылысшылар болды ма?

Құрылыс компаниясының өкілі төбені құлату кезінде нысанда студенттер мен басқа адамдар болмағанын айтты.

«Бұл процесс кезінде ғимаратта ешкім болған жоқ. Барлығын құрылыс нысанынан шығардық. Ол жерде тек инженерлік қызметкерлер, күзет және екі-үш жұмысшы болды. Құлап болған соң ғана тіркеу үшін ТЖМ қызметкерлерін шақырдық», – деді ол.

Фальковтың айтуынша, жұмыстар әлі жалғасады. Ғимараттың металл конструкциялары толық тазартылып, қосымша техникалық зерттеу жүргізіледі.

Ғимаратты қайта жаңғырту неге созылып кетті?

Жалпы ғимараттың құрылысы 1985 жылы басталып, 1998 жылы ұзақ құрылыс жұмыстарынан соң аяқталған. Оқу орнының мәліметінше, нысан шамамен 30 жыл бойы күрделі жөндеуден немесе реконструкциядан өтпеген. Ғимарат тарихи-мәдени нысан ретінде мемлекеттік тізімге енгізілген.

ҚазҰУ-дың құрылыс департаментінің директоры Айту Қоныспаевтың айтуынша, Студенттер сарайын қайта жаңғырту жобасы бойынша жұмыстардың белгіленген мерзімі — 17 ай болған, алайда техникалық тексеріс пен ғимаратқа сараптама жасау кезеңінде ғимараттан көптеген ақаулар шыққан соң бұл уақыт созыла берген.

Оның сөзінше, 2023 жылы ғимаратта тек техникалық зерттеу жүргізілген, ол кезде реконструкция жұмыстары басталмаған.

«2023 жылы біз тек техникалық зерттеу жүргіздік. Студенттер сарайынан инвентарь мен жиһаздарды шығара бастадық. 2023 жылы ешқандай құрылыс жұмысы жүргізілген жоқ», – деді Айту Қоныспаев.

Қоныспаевтың айтуынша, ғимарат бірнеше рет қайта тексерілген. Себебі кейбір ақаулар сыртқы және ішкі қаптамалардың артында болғандықтан, оларды анықтау үшін конструкциялардың жекелеген бөліктерін ашуға тура келген.

Ғимараттың тарихи келбеті сақтала ма?

Құрылыс компаниясының өкілі реконструкциядан кейін Студенттер сарайының тарихи келбеті сақталатынын айтты. Оның сөзінше, ғимараттың сыртқы көрінісі, материалы, өрнегі мен негізгі кескіні өзгермейді.

«Тарихи келбеті толық сақталады. Материалы да сақталады. Сол суреті, сол өрнегі, сол кескін келбеті қалады. Мақсаты да өзгермейді. Қалай Студенттер сарайы болды, солай қалады. Қандай да бір бизнес-орталықтар салынады деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», – деді Фальков.

ҚазҰУ өкілі басқа ғимараттардың қауіпсіздігіне қатысты нақты қорытынды жасау үшін арнайы зерттеу жүргізілуі керек екенін айтты. Оның сөзінше, мұндай мәселелерді тиісті мамандар мен ғылыми ұйымдар техникалық зерттеулер арқылы анықтауы тиіс.

Ал Студенттер сарайының реконструкциясы кезінде осыған ұқсас жұмыстар әлі де жалғасады. Жобада ғимараттың конструкцияларын тазалау, қосымша зерттеу жүргізу және кейін жаңа қасбетті орнату қарастырылған.

Неге әлі күнге ғимаратты жаңғыртуға бөлінген нақты қаражат сомасы белгісіз?

Реконструкция құны қанша болатынын сұрағанымызда, Айту Қоныспаев нақты соманы айта алмайтынын айтып, қаржы құнын айтудан бас тартты. Осы орайда біз Exclusive Construction компаниясының өкілі Николай Фальковтан сұрағанымызда, бізге оны тапсырыс берушіден сұраңыздар, біз айта алмаймыз деп ат тонын ала қашты. Ақырында не университет өкілі, не компания жауап бермеген соң, оқу орнының тағы бір үшінші өкілі, шаруашылық және қаржылық мәселелер бойынша басшысы Әбдірахман Тасыбаевтан сұрастырдық. Бірақ Тасыбаевтан да ауыз толтырып айтарлықтай жауап ала алмадық.

«Мен сіздерге нақты сомасын айта алмаймын, алайда әу бастағы компания мен тапсырыс беруші арасында бекітілген қаражат құны 7 млрд теңге болған еді. Қазір ол сома өзгереді, себебі арада үш жылдай уақыт өтті, құрылыс материалдары қымбаттады дегендей. Ол соманы нақты айтуы үшін тағы да техникалық қадағалау жүргізіп шығуымыз керек. Нақты құрылыс жұмыстары 2028 жылдың басына қарай аяқталады», – деді Тасыбаев.

Сонымен, тарихи маңызы бар ғимаратты қайта жаңғыртуға арналған қаражаттың нақты сомасы бүгінгі күнде белгісіз болып қалды. Бір қызығы, 2023 жылдан бері техникалық қадағалау жұмыстары, ғимараттың сапасы туралы сараптамалар өте көп жүргізілген. 

 

Автор: Перизат Жарылқасын