Бразилия президенті Луис Инасио Лула да Силва қазанның 22-24-і күндері Ресейдің Қазан қаласында өтетін БРИКС саммитіне бармайтынын мәлімдері, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Лула мұндай шешімді ұзақ қашықтыққа ұшудан уақытша бас тарту туралы дәрігерлер кеңесі бойынша қабылдаған.
КРЕМЛЬДІҢ АҚТАЛУЫ
Көп ұзамай Кремль бұл жайтқа үн қатып, Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ТАСС агенттігіне Бразилия басшысының шешімі мен Путиннің Бразилияға бармайтыны жөніндегі шешімінің еш байланысы жоғын айтып, ақталды.
Дегенмен Бразилия басшысы саммитке бейнебайланыс арқылы қатысады.
МАҢЫЗДЫ САММИТ
Айта кетерлігі, БРИКС саммиті Ресейдің Украинаға шабуылынан кейінгі аса маңызды халықаралық кездесу болуы керек еді.
Ресей БРИКС-ке қатысуын Батыстың оны дипломатиялық тұрғыдан оқшаулау әрекеті сәтсіз аяқталғанының дәлелі етіп көрсеткісі келген.
Оның үстіне Лула Украинаға әскери қолдау көрсетуден тартыншақтап жүрген әрі қос тарапты бейбіт келіссөздерге шақыруымен “шаршап” жүрген саясаткер ретінде танымал.
ПУТИН ДЕ БРАЗИЛИЯҒА АЯҚ БАСПАЙТЫН БОЛДЫ
Ресей президенті Владимир Путиннің де өзі қараша айында өтетін G20 саммитіне бармайтынын екі күн бұрын айтқан еді.
Қызық болғанда бұл саммит Бразилияда өткелі отыр. Ал Бразилия Путинді тұтқындауға ордер берген Халықаралық қылмыстық соттың мүшесі және елде тәуелсіз сот жүйесі орныққан. Яғни Путин Бразилияға аяқ басқан сәтте-ақ оны халықарлық сот тұтқындауға толық құқылы.
ЖҰМБАҚ ШЕШІМ
Ресей президенті Бразилиядағы G20 саммитіне бармайтыны туралы шешім себебінің оған қатысы жоқ екенін айтты. Десе де әлемдік БАҚ Путиннің Баразилияға бармайтынының себебін сан-саққа жүгіртіп, сынға алып жатыр.