Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожухов әлеуметтік желідегі парақшасында қаладағы ең ұзын көше жөндеуден өткенін сүйіншілей жазды. Жазбасында тұрғындар енді ұрыспайтынына қуанатынын жеткізген ол көпшіліктің күлкісіне қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«ӨТЕ ҚУАНЫШТЫМЫН»
Әкімнің сөзіне қарағанда, жұмыстардың аяқталуын жергілікті халықтан да асыға күткен.
Алақай! Достар, ертеңнен бастап маған ұрыспайтындарыңызға қуанып отырмын. Жөндеу жұмыстарының аяқталуын сіздерден де қатты күттім. Чецкая көшесіндегі күрделі жөндеу жұмыстары бітті. Мен өте қуаныштымын. Бұған дейін Дүйсембекова көшесінен Бұқар жырау даңғылына дейінгі аумақта өткел жасап, аштық. Ол жер - 4,5 шақырым. Қазіргі уақытта Асфальтная көшесіндегі эстакададан Рахимова көшесіне дейін асфальтбетон жабындысын төсеу жұмыстары толығымен аяқталды. Өткел ертең таңертең ашылады. Тек бір учаскеден басқа, яғни Бағдат мейрамханасының жанындағы қиылысты кеңейту жұмыстарын жасап жатырмыз. Келесі жылы жаяу жүргіншілер жолын абаттандырамыз, – деп жазды ол.
«5 КМ ЖҮРУГЕ 5 АЙ КЕРЕК ПЕ?»
Қарағандылықтардың көпшілігі әкімді қолдаса, қарсы пікір білдіріп жатқандар да бар.
Мәселен, желі қолданушыларының бірі жаздық маусым үшін 4,5 шақырым көп емес екенін айтқан.
Сіздің ойыңызша бір жаз маусымы үшін 4,5 шақырым көп пе? 5 км жүруге 5 ай керек пе? Күлкілі емес. 2 жылдан кейін олар қайтадан осы жерде күрделі жөндеу жүргізілетінін хабарлайды. Мұны тек келесі әкім жасайды деп ойлаймын, –деп жазды желі қолданушыларының бірі.