ІІМ мопедтерді тіркеуге арналған құжаттар тізімін жариялады. Құжат көлік құралдарының жекелеген түрлерiн мемлекеттiк тiркеу және есепке алуға бағытталған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БҰЙРЫҚҚА ӨЗГЕРІС
Қазақстанда аталған көлік түрінің қатысуымен жол-көлік оқиғалары жиілеген. Мәселен, Алматының өзінде жыл басынан бері 360 осындай жағдай тіркелген. Соның салдарынан 364 адам зардап шексе, 6 адам көз жұмған.
Сондықтан министрлік мопед жүргізушілеріне 2014 жылғы 2 желтоқсандағы № 862 бұйрығына толықтырулар енгізу туралы шешім қабылдаған.
ҚАНДАЙ ҚҰЖАТТАР
Оған сәйкес, мопедтерді тіркеуге арналған құжаттар тізімі белгіленді. Ол үшін:
жеке басты куәландыратын құжат;
Салық кодексінінің 553 және 615-баптарында көзделген тіркеу алымымен КҚТК, МТНБ бергені үшін мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжаттар;
техникалық құжатты немесе мопедтің техникалық сипаттамалары туралы ашық ақпараттық көздерден алынған мәлімет;
иесінің өтініші;
көлік құралын бастапқы тіркеу кезінде берілген көлік құралын қарап тексеру актісін ұсыну керек.
ЗАҢҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Еске сала кетсек, президент Тоқаев көлік құралдарының кейбір түрлерінің қозғалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңға қол қойған болатын.