×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Кімнің мүддесін қорғап отырғаныңды білем». Парламентте екі депутат дауласып қалды

22.10.2024, 15:54
«Кімнің мүддесін қорғап отырғаныңды білем». Парламентте екі депутат дауласып қалды
Ulysmedia

Парламентте депутат Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Альберт Рау дауласып қалды. Соңғысы отырыс үстінде орнынан тұрып кетіп қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ДАУДЫҢ БАСЫ

Парламентте «Жер қойнауын пайдалану туралы» депутаттар әзірлеген заң жобасы талқыланған. Депутат Константин Авершиннің «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Кодексіне жер қойнауын пайдалану саласын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды. Заң жобасы мемлекет басшысының жолдаулары негізінде, негізінен жер қойнауына қол жеткізудің «кулуарлық шешімдерінің мүмкіндігіне тыйым салып, жер қойнауын пайдалану саласындағы ашық бәсекелестік тәртібін нығайту және деректер базасы мен цифрландыру құралы ретінде жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай порталын заңнамалық тұрғыдан бекіту мақсатында әзірленген. 

— Осылайша, қатты пайдалы қазбаларға қол жеткізу механизмі екі ашық бәсекелестік мүмкіндіктермен реттеледі: онлайн және офлайн аукционға өтінімдердің түсу уақытын белгілей отырып, бірінші өтінім беру принципі.  Бұл ретте аукцион тетігі жер қойнауын пайдалану құқықтарын тоқтатудың немесе оларды ескі қорлар, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша, сондай-ақ ашық қараусыз, конкурстан тыс берілген перспективалық жобалар және индустриялық-инновациялық жобалар мен ұлттық компаниялардың жағдайларын қоса алғанда, қол қою бонустарының жоғары ақысы бойынша жарамсыз деп танудың барлық жағдайларына дейін кеңейтіледі, – дейді депутат. 

Заң жобасы әлі талқыланып жатыр.

«МҰНЫҢЫЗ АУЫР АЙЫП»

Отырыс барысында депутат Бақтықожа Ізмұхамбетов бұл құжат Үкіметпен келісілді ме деп сұрады. Рау «әлбетте» деп жауап берді. Раудың сөзінше, құжаттың қорытындысын әзірлеуге алты ай уақыт кеткен.

— Мұны қандай жұмыс тобы қараған. Мен неге хабарсызбын. Сіздер бұл жерде біреулердің мүддесін қорғап отырсыздар! Кімнің екенін атайын ба? – деді Ізмұхамбетов.

Оған жауап берген Альберт Рау әрбір түзетуді әзірлеген кезде президенттің тапсырмасы негізге алынғанын айтты. Алайда Ізмұхамбетов оған «президент тапсырма бергенде бәрі заңды болсын әрі мемлекет мүддесі үшін болсын» деп жауап қайтарды. 

«Бұл өте салмақты айыптау» деп сөз қайтарды Рау. Екі депутат мәмілеге келген жоқ. Альберт Рау тіпті орнынан тұрып кетіп қалды.

P.S. Заң жобасы талқыланып болғаннан кейін журналистер депутат Ізмұхамбетовтен не себепті ашуға берілгенін сұраған. Депутат заң жобасын екі-үш депутат әзірлеп, Үкіметпен келісіп, қайта Парламентке кіргізгеніне ашулы екенін жеткізді.

— Орысша айтқанда, «ставят перед фактом»! Бүгін Үкіметпен келісіпті, ал мен алам да түзеп қайта берем. Сонда Үкіметтікі де, депутаттардыкі де дұрыс емес болады. Сондықтан, қай жұмыс тобында құжат қаралғанын білгім келді. Заң жобасын әзірлеген екі кісі (депутат Авершин мен Рау) жер қойнауын пайдалану деген не екенін де білмейді. Өз сөзіме жауап берем! Жұмыс тобында мұқият қаралуы керек, – дейді ол.

Бақтықожа Ізмұхамбетов «Үкіметпен келісілген» деген қолындағы заң жобасының жазуын көрсетті. Ол құжатта мемлекеттің мүддесі атымен жоқ деп есептейді.