×
516.93
542.52
4.98
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
516.93
542.52
4.98

"Қазақстанда шектеледі". Такси қызметіне байланысты тағы бір талап

23.10.2024, 16:20
"Қазақстанда шектеледі". Такси қызметіне байланысты тағы бір талап
Коллаж Ulysmedia.kz

Мәжіліс жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы кейбір мемлекеттік функцияларды міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуге беру мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙЫ

Өзін-өзі реттеуге міндетті түрде қатысу талаптары таксидің ақпараттық-диспетчерлік қызметтерінің, таксиге тапсырыс беретін мобилді қосымшаларының, автовокзалдардың, автостанциялар мен жолаушыларға қызмет көрсету пункттерінің қызметтеріне де қатысты болады.

Құжат такси тасымалын бақылау үшін «Яндекс.Go», «InDrive», «Апару» және «Везёт» секілді интернет-агрегаторларды өзін-өзі реттеуге қосылуға міндеттейді. Әйтпесе олардың қызметі заңсыз деп танылады және Қазақстан аумағында шектеулер қойылады.

ЖАҢА ФУНКЦИЯЛАР

Түзетулерде өзін-өзі реттейтін ұйымдарға тек көліктік бақылау функцияларын беру ұсынылады. Бақылаудың өзге де түрлерін (жол қозғалысы ережелері, санитарлық, шекаралық, кеден, салық және басқалар) белгіленген тәртіппен тиісті бақылаушы органдар жүзеге асырады.

Осыған байланысты әзірлеушілер өзін-өзі реттеу үшін бақылау механизмін ұсынады. Олар автоматтандырылған диспетчерлік жүйені енгізу және GPS трекерлерін қолдану арқылы автобус қызметтеріне белгіленген талаптардың сақталуын бақылай алады. Сонымен қатар өзін-өзі реттеуге қатысушылардың автобустарының мемлекеттік нөмірлері базада жоқ көліктерді тексеру үшін бақылаушы органдардың деректер базасына көшірілетін болады.

ТАСЫМАЛДАУШЫЛАР САНЫ

Бүгінде елде халықаралық – 61, облысаралық – 189, тұрақты емес – 625, такси – 2833 тасымалдаушы тасымал қызметін көрсетеді.

Жобаға сай, олар өз қызметін жалғастыру үшін Автотасымалдаушылар палатасы түріндегі өзін-өзі реттейтін ұйымдарға бірігуі керек. Ол үшін алғашқы үшеуінің иелігінде автокөліктердің кемінде үштен бірі, ал таксилерде кемінде оннан бірі болуы керек. Өзгерістер жалдамалы жұмыскерлері жоқ жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге қатысты емес.

Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар жалдамалы жұмысшылары жоқ жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге қатысты такси тасымалын ұйымдастырудың қолданыстағы нормаларын сақтау туралы түзетулер енгізді.

ЖАРНА

Бұл ретте өзін-өзі реттеуге қатысу үшін мүшелік жарналар қарастырылған. Оны Автотасымалдаушылар палатасы мүшелері өздері белгілейді. Автобус тасымалы үшін 1-ден 7 АЕК-ке дейін, таксилер – 0,4-тен 2 АЕК-ке дейін, таксиге тапсырыс беру қызметтері мен қосымшалары – 2-ден 700 АЕК-ке дейін, вокзалдар мен бекеттерде – 2-ден 70 АЕК-ке дейін болады. Сондай-ақ депутаттардың бастамасымен заң жобасында өзін-өзі реттеуге қатысу жарналарын төлеу бойынша шығындарды қызметкерлерге жүктеуге болмайтыны қарастырылған.

“ТАКСИСТЕР ДҮРЛІГЕТІН БОЛСА, ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ ӨЗ МОЙНЫҢЫЗҒА АЛАСЫЗ БА?”

Мәжіліс депутаты Ринат Заитов заң жобасын таныстырған көлік министрі Марат Қарабаевқа осындай сұрақ қойған.

Ринат Заитов кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын екі палата барын айтып, такси қызметін ұсынатын шағын кәсіп иелерін неге сол палаталар басқара салмайтынын сұрады.

“Бәріне қожайын тауып беріп, таксистерді отарлаудың қажеті қанша? Олар өзі шулы қауым, ертең олар дүрлігетін болса, өзіңіз жауапкершілікті мойныңызға аласыз ба?” деді депутат. 

“Жауапкершілікті аламын” деген министр алып агрегаторлардың қасында таксишілердің құқығын қорғайтын ешкім қалмағаннын айтты.

“Сондықтан өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болған соң олардың қабылдаған қағидасына сай, алдымен біздің қарапайым жүргізушілер өздерінің құқықтарын қорғай алады. Әрі соны талап ете алады. Заң жобасы түбінде қарапайым жүргізушілердің мүддесін қорғауға бағытталған” деді министр.

Бұған дейін келесі жылдан бастап елімізде рөлі оң жақта орналасқан көлік иелеріне электронды қызметтер арқылы жолаушылар тасымалдауға тыйым салынатынын хабарлағанбыз.

НЕ ӨЗГЕРЕДІ

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Indriver, Яндекс телефон қосымшасында клиенттері бар рөлі оң жақта орналасқан көлік құралдары қосымшалардан шығарылады, – деген көлік министрлігі автомобиль көлігі және  көліктік бақылау комитетінің өкілі Тілеген Жәдігеров.