«Оян, қазақ» фильмінің авторлары – ерлі-зайыпты Мұрат Есжан мен Айсәуле Әбілда Малайзия еліне қоныс аударды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КҮЙ КЕРЕК
Бұл туралы продюсер Айсәуле Әбілда өзінің facebook-парақшасында жазды.
Малайзияға неге көшкеніміз туралы күніне бірнеше адамнан сұрақ келеді, соның бір жауабын беріп қояйын деп шештім. Әрине, біріншіден, біз жаңа жобамызға бар ынтамызды арнай алатындай ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КҮЙ іздеп келдік. Елде үйіміз бен офисымыздың арасы қатты алыс болмаса да, кәдімгідей уақытымызды алатын. Кептеліс, баратын басқа да шаралар, той, шақырыс бар, сонымен уақыттың қалай өткенін білмей қалып жүрдік, – деді ол.
Продюсердің жұмыс кешігуді көтермейтінін, әрдайым дедлайнды орындау керегін атап өтті.
Яғни серіктесіңмен келіскен уақытта шаруа біту керек, әйтпесе кез келген істі ғасырлап істей беруге болады. Шаруаның уақытылы бітіп, жұмыстың жақсы жүруіне ең жауапты тұлға –продюсер болғандықтан, мен бұл мәселені барынша қолайлы шешуге тырыстым. Әрине, көше қалсаң, ісің біте қояды деген сөз емес, бастысы ниет және тырысу, қалғанын нәтижеден күту, – деді ол.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Сериал өндірісінде бізде мүмкіндік аз, оны ашып айту керек – «Міржақып, Оян қазақ» режиссері Мұрат Есжан
«Қазақ тілі деген пән оқытылмай ма?»: Белгілі режиссер ана тілін білмейтіндерді сынады
БҰЛ ЕЛДЕ ОРТА БІЛІМ ЖҮЙЕСІ ЖАҚСЫ ДАМЫҒАН
Продюсердің айтуынша, балаларға ағылшын, қытай тілдерін меңгеріп шығуға жайлы ортаның болуы осындай шешімге келуге итермелеген.
Екіншіден, елде біз онсыз да үй мен офис жалдап, балаларымызды ақылы мектепте оқытып жүрдік. Әрине, 100%, 70% грант алғанның өзінде тамағы мен тасымалдауын ғана төлеуге әр балаға кәдімгідей қаражат кететін, оған қоса жыл сайын қысқы дайындық бар, оның да өз шығыны жетерлік, соның бәрін есептей келе дәл сондай төлемге қай мемлекеттерде жақсырақ жағдайда жұмыс істеп, балаларымызға қосымша тіл үйрететіндей мүмкіндіктер бар деп зерттедік. Малайзияда орта білім жүйесінің жақсы дамығаны мен балаларға ағылшын, қытай тілдерін меңгеріп шығуға жайлы ортаның болуы да шешімімізге әсер етті, –деді Әбілда.
БАСТЫ ТІЛЕК – ЖОБАНЫҢ СӘТТІ ЖҮРІП КЕТУІ
Сондай-ақ ол бұл елге уақытша көшкенін атап өтті.
Үшіншіден, жаңа елде тұрып көру – көкжиегіңді кәдімгідей кеңейтіп жібереді ғой, соны да ескеріп, жұмыс пен өмірдің, бала-шағаны жеткізудің арасында өз дамуымызға да дем берейік деген оймен уақытша Малайзияға көштік.
Қазіргі мендегі басты тілек – осы жобаның сәтті жүріп кетуі және аман-есен көрерменмен қауышуы болып тұр. Өздеріңіз білетіндей, біздің компаниямызда тұрақты жұмыс істейтін – екі адам ғана бар, сол жалғыз әріптесімнің сценарийі жүріп кетсе екен деп уайымдап жүрмін. Артық секундыңыз болса, сіздер де бізді дұғаларыңызға қосып, тілеулес бола жүріңіздер, – деп жазды продюсер.
«МІРЖАҚЫП. ОЯН, ҚАЗАҚ!»
Еске салсақ, 2023 жылы қыркүйек айында «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі кинотеатрларға шықты. Фильмде Алаш арысы Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» кітабын жазу, басу, тарату кезі, түрмеге қамалған тұста басына түскен қиын сәттері, қызы Гүлнардың әкесін ақтау жолындағы күресі көрсетіледі. Басты рөлді актер Бақыт Қажыбаев сомдайды. Екі апта прокаттан кейін тоқтап қалған фильм көпшіліктің сұрауымен тағы екі аптаға ұзартылды. Туынды ел аумағында үлкен дүмпу туғызды. Жастар әлеуметтік желілерде “Оян,қазақ!” деп жаппай флешмоб ұйымдастырса, орыстілді қазақтар тарихта болған опасыздық пен совет өкіметінің солақай саясатын сынап посттар жазды. Деколонизация тұрғысынан аталған фильм қоғамда үлкен жұмыс атқарды деуге болады.
Айта кетейік, бұған дейін «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі үш күнде 107 млн теңге кассалық кіріс түсіргенін жазған едік.