×
488.11
530.09
5.01
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
488.11
530.09
5.01

Алматы маңында жер сілкінісінен құтқаратын шатырлы лагерь құрылады

Алматы маңында жер сілкінісінен құтқаратын шатырлы лагерь құрылады
Коллаж Ulysmedia

Бүгін мәжілісте төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Алматыда жер сілкінісі болған жағдайда зардап шеккендерге арналған шатырлы қала болатынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ШЫҢҒЫС ӘРІНОВТІҢ «ШЫНДЫҒЫ»

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәсілдері қайта қаралды. Бірінші кезекте халықты хабарландыру және жер сілкінісі кезіндегі іс-әрекеттерді оқыту жүйесі пысықталды. Келешекте сейсмологиялық станциялар желісін жаңғыртып, кеңейтеміз. Алматыда министрліктің жедел мақсаттағы «Алатау» оңтүстік базасы құрылды. Оның аумағында жойқын жер сілкінісі болған жағдайда зардап шеккендерге арналған шатырлы қала орналастырылады, алаң дайын. Сондай-ақ гуманитарлық көмекті қабылдау пункттері және басқа да қажетті қосымша құрылыстар болады, – деді Шыңғыс Әрінов.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру тәсілдері қайта қаралды. Номенклатурада кеңестік кезеңдегі тауарлар әлемдік стандарттарға ауыстырылды. Тізімге алғаш рет зардап шеккен халыққа арналған медициналық чемодандар мен эвакуациялық рюкзактар енгізілді.

АЛМАТЫДАҒЫ ЖЕР СІЛКІНІСІ

Еске салсақ, Алматыда 23 қаңтар күні түнде қуатты жер сілкінісі болды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы 40-тан астам адам жарақат алғаны жөнінде ақпарат таратты. 

Сол кездегі Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов үкімет отырысында (онлайн қатысты) жер сілкінісі 4 облыста болғанын, ең қуаттысы Алматыда болғанын мәлімдеді.

Жер сілкінісінен кейін мектептер мен ауруханалардың қабырғасынан жарықшақтар анықталған.

Құтқарушылар жер сілкінісі болған жағдайда мына 10 кеңесті есте сақтауға шақырды. Олар не дейді:

  • Сабырлы болыңыз, үрейленбеңіз;
  • Жер сілкінген кезде лифтті пайдаланбаңыз;
  • Жиһаздардан, терезелерден, люстралардан алыс жүріңіз;
  • Сенімді, берік орын табыңыз: егер сіз жоғарғы қабатта болсаңыз, қабырғалардың бұрышынан орын алыңыз;
  • Үй-жайдан шығыңыз (көпқабатты үйлерде – дүмпу тоқтағаннан кейін);
  • Суды, газды, электр қуатын өшіріңіз;
  • Алдын ала дайындалған шұғыл сөмкені алыңыз;
  • Электр желілерінен, ғимараттардан, ағаштардан аулақ болыңыз;
  • Жер асты дүмпулеріне дайын болыңыз;
  • Балаларға, қарттарға, мүгедектерге көмек көрсетіңіз.