Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тоқаев мемлекет болашаққа нық сеніммен қарап, Әділетті Қазақстанды құру жолында нақты қадамдар жасай беретынын айтты.
Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Ұлттық мереке халқымызды мызғымас құндылықтар төңірегіне тоғыстырып, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайта түсуге ықпал етеді.
Біз берекелі бірлік пен ырысты ынтымақтың арқасында аса күрделі сын-қатерлерді еңсеріп, ауқымды өзгерістерді жүзеге асырып келеміз. Қоғамдағы заң мен тәртіп, азаматтардың еңбекқорлығы мен кәсіби біліктілігі қазіргі реформалардың берік тірегіне әрі қозғаушы күшіне айналды. Біз болашаққа нық сеніммен қарап, Әділетті Қазақстанды құру жолында нақты қадамдар жасай береміз, – дейді ол.
Президент елдің ертеңі қандай болатыны әрбір азаматқа байланысты екенін айтып, азаматтар осы қастерлі жауапкершілікті терең түсініп, мемлекетті нығайтуға өз үлесін қосатынына сенім білдірді.
Сіздерге зор денсаулық, толайым табыс және бақ-береке тілеймін!, – деді президент құттықтауында.