Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делиде өткен БРИКС-тің «аутрич» / «БРИКС плюс» форматындағы жалпы отырысына қатысты. Жиында тұрақтылық, инновация, ынтымақтастық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тоқаев не деді?Мемлекет басшысы Үндістан премьер-министрі Нарендра Модиге саммитті ұйымдастырғаны үшін алғыс айтып, Үндістанның БРИКС-тегі биылғы төрағалығының маңызына тоқталды.
Тоқаевтың айтуынша, БРИКС елдері жер шарындағы халықтың жартысына жуығын қамтиды және әлемдік жалпы ішкі өнімнің шамамен 40 пайызына ие.
Сондықтан бұл бірлестіктің мүмкіндігі ғана емес, жаһандық шиеленісті азайтып, нақты шешімдер ұсынудағы жауапкершілігі де жоғары.
Тоқаев 2025 жылы Қазақстанның БРИКС-ке мүше және серіктес елдермен сауда айналымы шамамен 72 миллиард долларға жеткенін айтты.
Президент Қазақстанның бірлестікке кіретін барлық мемлекетпен сауда-экономикалық және инвестициялық байланысты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті.
Сондай-ақ Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалық ете отырып, БРИКС-пен ынтымақтастықты күшейтуді және Үндістанмен еркін сауда туралы келісімді ілгерілетуді қолдайтынын мәлімдеді.
Тоқаев болашағы бар бағыттардың қатарында энергетика саласындағы терең өңдеуді, аса маңызды минералдарды, ауыл шаруашылығын, технология алмасуды және бірлескен инвестицияларды атады.
Бұған қоса Президент Қазақстандағы жобаларды БРИКС-тің Жаңа даму банкі арқылы қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Тоқаев Қазақстанның көлік-транзит мүмкіндігіне де жеке тоқталды.
Оның айтуынша, былтыр Қазақстан аумағы арқылы өткен транзиттік жүк көлемі 40 миллион тоннаға жуықтаған.
Ұзақ мерзімде бұл көрсеткішті жылына 100 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Президент қазір Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтағы жүк тасымалының 85 пайызына дейіні Қазақстан арқылы өтетінін айтты.
Тоқаев Азия мен Еуропаны Каспий теңізі арқылы жалғайтын Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызын да атап өтті.
Оның сөзінше, бұл бағытты «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен және «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізімен ұштастыру Еуразияда анағұрлым тұрақты көлік желісін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Президент геосаяси шиеленістің күшеюіне, қаруланудың артуына, халықаралық институттардың әлсіреуіне және саудадағы жаңа кедергілерге назар аударды.
Ол былтыр қақтығыстардың салдарынан әлем экономикасына келген шығын шамамен 22 триллион долларға жеткенін айтты. Бұл – жаһандық ішкі жалпы өнімнің шамамен 10 пайызы.
Тоқаев өңірлік қақтығыстардың салдары енді тек сол елдердің шеңберінде қалмайтынын атап өтті.
Олар әлем экономикасына, энергетикаға, азық-түлік қауіпсіздігіне және сауда тізбектеріне тікелей әсер етіп отыр.



Президенттің айтуынша, бейбітшілік пен стратегиялық тұрақтылық – тұрақты дамудың басты шарты.
Тоқаев тек шиеленісті бәсеңдету жеткіліксіз екенін, саяси диалог пен жүйелі дипломатия қажет екенін айтты.
Ол халықаралық қауіпсіздіктің бұрынғы тетіктерінің әлсіреуі мен ұзаққа созылған қақтығыстар жаңа қарулану жарысына және қауіпті қателіктерге әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Осыған байланысты Президент ядролық державалар арасында жоғары деңгейдегі диалог орнатуға шақырды.
Мемлекет басшысы ірі державалар арасындағы сенімнің азаюы БҰҰ-ның тиімді жұмыс істеуіне кедергі келтіріп отырғанын айтты.
Соған қарамастан, Тоқаев БҰҰ-ның баламасы жоқ екенін атап өтті.
Оның пікірінше, реформалар ұйымның қақтығыстардың алдын алу және ортақ шешім қабылдау мүмкіндігін күшейтуге тиіс.
Президент БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі бүгінгі әлемнің шынайы көрінісін көбірек ескеріп, Азия, Африка және Латын Америкасы елдеріне әділеттірек өкілдік беруі керек екенін де айтты.

Бұған дейін БРИКС саммиті аясында Тоқаев Владимир Путинмен бейресми кездесу өткізген.
Ресейлік БАҚ мәліметінше, ресми қабылдаудан кейін Путин Қазақстан Президентін бейресми жағдайда әңгімелесу үшін өз резиденциясына шақырған.