Германия канцлері Олаф Шольц Украина президенті Владимир Зеленскийдің Украинаны НАТО-ға дереу шақыру туралы өтінішін қабылдамады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.. Бұл туралы ZDF телеарнасына берген сұхбатында Шольцтың өзі айтты.
МӘН-ЖАЙЫ
Германия канцлері Украинаны альянсқа шақыруға қатысты сұраққа берген жауабында соғысып жатқан ел НАТО-ға мүше бола алмайтынын шегелеп айтты.
«Менің ойымша, қазіргі уақытта жаңа шешімнің қажеті жоқ. Соғыс жағдайындағы елдің НАТО-ға мүше бола алмайтынын ашық айтуымыз қажет. Мұны бәрі біледі, бұл мәселеде келіспеушіліктер жоқ. Қазіргі уақытта Украинаны НАТО-ға кіруге шақыру жоспарда жоқ», деді Шольц.
ЗЕЛЕНСКИЙДІҢ ӨТІНІШІ
Өткен аптада Зеленский Financial Times газетіне берген сұхбатында альянс елдеріне Украинаны НАТО-ға шақыруды өтінген-ді.
«НАТО-ға шақыру халқымыз бен сарбаздарымыздың рухын көтереді. Шақыру біз үшін НАТО-ға қарай тағы бір қадам басқанымызды білдіреді, бұл өз кезегінде балалардың ендігәрі ешқашан қаза таппайтынының кепілі. Өйткені біз НАТО-ның мүшесі боламыз. Егер НАТО-ға шақыру алмасақ, онда сағымыз сынып, рухымыз әлсіремек», - деді Зеленский.
Еске сала кетсек, Киев 2022 жылы НАТО-ға кіруге өтініш берген. НАТО-ға мүше 32 елдің көпшілігі Украинаның альянсқа мүшелікке өтуіне келіскенімен, олардың көпшілігі, әсіресе АҚШ пен Германия НАТО-ның Ресеймен қақтығысының күшейе түсуін қауіп көріп, Киевтің ресми шақыруына қарсылық танытып келеді.