Үкімет басшысы Олжас Бектенов ауыл тұрғындарының зейнетақысын көтеруге байланысты "Ауыл" партиясы депутаттардың бастамасына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БЕКТЕНОВ НЕ ДЕЙДІ
Жалпы елде зейнетақымен қамтамасыз ету Әлеуметтік кодекске сәйкес жүзеге асырылады. Зейнетақы үш бөліктен тұрады (ынтымақты, жинақтаушы, базалық) және әрбір азаматтың еңбек өтіліне негізделген. Бектенов жауабында еңбек өтілі неғұрлым көп болса, зейнетақы мөлшері соғұрлым жоғары болатынын атап өтеді.
– Осылайша, зейнетақы төлемдерінің мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі мен міндетті зейнетақы жарналарын төлеуге тікелей байланысты. Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін анықтау кезінде азаматтардың тұрғылықты жері, қызмет түрі сияқты критерийлері ескерілмейді. Бұл ұстаным конституциялық нормалар мен халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді, – дейді жауабында Бектенов.
2024 жылдың басынан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) зейнетақы активтері қызық деректерді көрсеткені хабарланған еді. Кірістілік бұл жолы 10,3% құраған. Бұл инфляция деңгейінен 5 пайыздық тармаққа артық. Қазір нақты кірістілік 4,8%-ға жетеді, бұл өткен жылдың көрсеткіштерінен едәуір жақсы.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры сондай-ақ, қазақстандықтарды алаяқтардан сақ болуға шақырады. БЖЗҚ баспасөз қызметінен хабарлағандай, алаяқтар жаңа сценарийлерді ойлап тауып жатыр.