Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров Гудермес қаласында орналасқан Ресей арнайы күштері университеті аумағындағы ғимаратқа дрон шабуылдағанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙЫ
Азаттықтың мәліметінше, бұл – Украинада соғыс басталғалы бері Шешенстан аумағындағы нысанға дрон шабуылдағаны белгілі болған алғашқы жайт.
Қадыров телеграм-арнасында шабуыл 29 қазан таңертең жасалды деп жазды. Соның салдарынан "Ресей арнайы күштері университеті аумағында бос тұрған ғимараттың шатыры өртенген".
Қадыровтың айтуынша, қаза тапқан немесе зардап шеккен адам жоқ, өрт сөндірілген, университет жұмысы тоқтамаған.
Baza телеграм-арнасы Ресей арнайы күштері университетінің ғимараты жанып жатқаны көрінеді деген фото жариялады.
Украина күштері және барлау қызметтері ел аумағынан 500 шақырымнан астам жерде орналасқан Шешенстанға дрон шабуылдағаны жайлы ақпаратқа байланысты әлі пікір білдірмеді. Бұған дейін Киев ұшырған дрондар Ресейдің одан алыс аймақтарына да шабуылдаған.