×
$
446.56
512.34
5.3
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
446.56
512.34
5.3

«Қорқынышым басым түсті»: Pussy Riot-тың экс-мүшесі Ресейдің арнайы қызметі туралы айтты

Бүгін, 10:54
«Қорқынышым басым түсті»: Pussy Riot-тың экс-мүшесі Ресейдің арнайы қызметі туралы айтты
The Art Newspaper

Pussy Riot тобының бұрынғы мүшесі Рита Флорес өзіне және отбасына қоқан-лоқы жасалғаннан кейін үш жыл бойы ФСБ қызметкерлерімен байланыста болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, әуелі одан өзге белсенділер мен шығармашылық орта өкілдері туралы ақпарат жинау талап етілген. Кейін Кремльге қарсы адамның бірін ұрлап әкету және өлтіру жоспарына тартуға әрекет жасалған. Бұл туралы ол Ресейден кеткеннен кейін The Guardian басылымына берген алғашқы сұхбатында айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қоқан-лоқы және арнайы қызметке тарту

Маргарита Коновалова есімімен де танымал Рита Флорес 2020 жылы Pussy Riot құрамына қосылған. Оның айтуынша, бәрі 2023 жылғы ақпанда үйінде тінту жүргізілгеннен кейін басталған.

Өздерін ФСБ қызметкерлері деп таныстырған екі ер адам Украинадағы оқиғалар туралы Instagram-да жариялаған жазбасы үшін оған қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екенін айтқан. Сондай-ақ, ынтымақтасудан бас тартса, анасының өміріне қауіп төндіретінін айтқан.

- Мен оларға сендім. Айтқан қорқыныштарының бәрін жүзеге асыра алады деп ойладым... Қорқынышым бәрінен басым түсті. Отбасым үшін де, өзім үшін де қатты алаңдадым, - дейді ол.

Флорестің айтуынша, арнайы қызметпен байланыс орнатуға келісім берген құжаттарға қол қойғаннан кейін оған 30-40 мың рубль шамасында ақша төленген.

Алғашқы тапсырмасы билікке қарсы көзқарастағы суретшілер мен белсенділер туралы мәлімет жинау болған. ФСБ-ның екі қызметкері оған жетекшілік етіп, үнемі кездесіп отырған. Олар «жақсы полицей - жаман полицей» тәсілін қолданған.

Флорес жасы үлкен қызметкерді үнемі жылтыр қара костюм киетін әдетіне бола «Пиджак» деп атаған. Ал екіншісінің есімі Иван болған.

«Ол шайтанның өзі секілді еді»

- Иван және «Пиджакпен» бірге кездескен кезде Иван үндемей отыратын. Ал «Пиджак» дөрекілік танытып, мені қорқытып, әйел ретінде кемсітетін. Ол шайтан секілді еді. Кейін Иванмен жеке кездесетін болдық. Сонда ол мейірімді, жылы сөйлейтін, - деп еске алды Флорес.

Оның сөзінше, Иван ФСБ оны «қайта тәрбиелейтінін», ақырында тыныш өмір сүріп, Ресейді жақсы көріп, бала сүйіп, «тілалғыш әйелге» айналатынын айтып сендіруге тырысқан.

Флорес арнайы қызметпен байланысы туралы ешкімге айтуға тыйым салынғанын мәлімдеді. Соған қарамастан, ол бұл жайында көп ұзамай жиырма шақты адамға айтып қойған.

Алайда өзі бақылауға тиіс адамдарға бұл туралы тіс жармаған. Керісінше, олардан алшақ жүруі үшін әдейі жанжал шығарып, арақатынасты суытуға тырысқанын айтады. Осылайша олардың өзіне маңызды немесе құпия ақпарат айтпауын көздеген.

Қоқан-лоқы үш жыл бойы тоқтамаған

Флорестің айтуынша, арнайы қызметпен байланыста болған үш жыл бойы психологиялық қысым үзілмеген.

- Ол менімен достасуға тырысатын, бірақ арасында қорқытатын. «Олар сенің анаңды өлтіреді, сен ештеңе дәлелдей алмайсың» немесе «Шетелге кетсең, сені бірден тауып алып өлтіреді» деп жайбарақат айтып, артынан әзіл айтқандай күлетін. Ал «Пиджак» ешқашан әзілдемейтін. Оның қоқан-лоқысы ашық әрі тікелей еді, - дейді ол.

Уақыт өте тапсырмалар да азая бастаған. Себебі билікке қарсы көзқарастағы шығармашылық орта өкілдерінің көбі Ресейден кетіп қалған.

Тамыздың аяғында Флорес те елден шығып, содан кейін ғана ФСБ-мен байланысы туралы ашық айтты.

- Бірнеше жылдан бері алғаш рет жаным тынышталды. Осы уақыт бойы бұл жерден кетіп, басымнан өткеннің бәрін ашық айтатын күнді армандадым, – деді ол.

The Guardian Флорес айтқан оқиғалардың барлық егжей-тегжейін тәуелсіз түрде растай алмағанын атап өтті. Дегенмен басылым кейінгі жылдары ФСБ қызметкерлерінің оппозициялық топтарға жасырын енуіне қатысты бірнеше оқиға тіркелгенін жазады.