×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Қарашада Ұлттық қордан қанша қаражат алынбақ

01.11.2024, 10:59
Қарашада Ұлттық қордан қанша қаражат алынбақ
Коллаж Ulysmedia.kz

Қазақстан Ұлттық банкі 2024 жылдың қарашасына көзделген Ұлттық қор трансферттері бойынша жоспарын жариялады. Ulysmedia.kz хабарлауынша, бұл мақсатта кем дегенде 1,2 миллиард доллар сатылмақ.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ұлттық банктің баспасөз қызметі алдын ала жасалған өтінімдер бойынша Ұлттық қордан 1,2–1,3 миллиард доллар аралығында валюта сатылуы жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

– 2024 жылғы 30 қазан жағдайы бойынша зейнетақы активтерінің валютадағы үлесі 39,9% болғандықтан, 2024 жылдың қараша айында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры үшін валюта сатып алу жоспарланбайды, – деп түсіндірді банк өкілдері.

ҚАЗАНДАҒЫ САТЫЛЫМДАР

Республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету мақсатында қазан айында Ұлттық қордан 1,34 миллиард доллар сатылды. Бұл сауда көлемінің 22%-ын құрады, ал күнделікті сауда көлемі 70 миллион АҚШ долларынан аспады.

Қазан айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1,5%-ға төмендеп, 1 АҚШ долларына 488,23 теңге болды. Қазақстан қор биржасындағы орташа күндік сауда көлемі ай бойы 222 миллион доллардан 278 миллион долларға дейін өсті, ал жалпы сауда көлемі 6,1 миллиард долларды құрады.

Қазан айында Ұлттық банктің алтын-валюта резервтерінен сату көлемі 253 миллион долларды құрады. 2024 жылдың қарашасында резервтерден 130–140 миллион АҚШ доллары көлемінде сату күтілуде.

Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Ұлттық қордың өсіміне байланысты Тоқаев берген тапсырма орындалмай қалуы мүмкін екенін айтқан.

ТАҒЫ ДА ТРАНСФЕР

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров парламентке 2025-2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасын таныстырған. Ол бойынша алдағы үш жылда Ұлттық қордан 2 трлн теңгеден алу көзделген. Осы отырыста Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мұнайға жатпайтын тапшылықтың жоғары күйінде қалғанын, жалпы тапшылықты жабу үшін бюджет – ұлттық қордың трансферттеріне сүйенетінін айтқан болатын.

Еске сала кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қорды 2030 жылға дейін 100 млрд долларға жеткізуге тапсырма берген еді.

Достарыңмен бөліс