×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Итбалықтардың өлімі. Балықшылар нәпақамыздан айырыламыз ба деп алаңдаулы

01.11.2024, 20:12
Итбалықтардың өлімі. Балықшылар нәпақамыздан айырыламыз ба деп алаңдаулы
ашық дереккөз

Маңғыстауда қырылған итбалықтардың саны 300-ден де көп болуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Себебі Каспий теңізінің Түпқараған ауданынан бөлек, әлі де мониторинг жүргізілмеген аумақтар бар. Облыстық Балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығының басшысы мамандар жағалауды толық тексеріп бітпегенін айтады. 

ШЫНДЫҚҚА ЖАНАСПАЙДЫ

Аlmaty.tv арнасының мәліметінше, түпқарағандық балықшылар бұған дейін әлеуметтік желіге тараған бейнежазбаның шындыққа жанаспайтынын жеткізді.

Бейнежазбаны балық инспекциясының өкілі ұялы телефонына түсіріп, әлеуметтік желіге таратып жіберген. Бұл түпқарағандық балықшылардың ашуына тиген болса керек, шаруа өкілдері жиын ұйымдастырып, аталмыш инспекция маманы ғаламторға жүктеген видеосы үшін жауап берсін деген талап қойған. Себебі итбалықтан бөлек, жағада суда мекендейтін құстар мен бекіре балығының да өлекселері жатыр дегенді алға тартты. Балықшылар теңіз ластанған деген болжам жасайды.

Балықшыларға жала жабылып жатқан сияқты. Күнделікті теңіз жағасына келсеңіздер, көресіздер. Итбалық көптеп өліп жатыр. Соны зерттейтін ғылыми орталық өкілдері келіп, өздері көріп, зерттесін. Біз де қорытындысын білейік. Балықшыларға қауіп төніп тұр. Ауға түседі деп келесі жылдан бастап қиындап кететін сияқты. Министрліктен де, зерттеу орталықтарынан да келіп, итбалықтың неден өлгенін анықтасын! – дейді балықшы Серікбек Төлебаев.

ҚИСЫНҒА КЕЛМЕЙДІ

Балықшылар құқығын қорғап жүрген аквамәдениет қауымдастығының басшысы Данияр Әкімжанов “бар кінәні балық аулап, нәпақасын әрең тауып жүрген азаматтардың мойнына арта салу қисынға келмейтін шешім” дейді. Ол Маңғыстаудан арнайы зерттеу орталығын ашып, саланың мықты мамандарымен жұмыс жасау керек екенін айтады.

Бұл жазбаға мен де балықшы ретінде және қауымдастықтың басшысы ретінде келіспеймін. Себебі итбалық ау құралына түсіп өлетін болса, 300 дана бірден өлмейді. Пайызбен есептегенде, 1,2 пайыз болуы мүмкін еді, – деді Балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығының басшысы Данияр Әкімжанов.

БУАЗ ИТБАЛЫҚТАР

Гидробиология және экология институты мен Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығынан келген мамандардың айтуынша, бұл жолы жағаға буаз итбалықтың өлекселері де шығып қалып жатыр. "Сүтқоректілерден жарақат пен қандай да бір аурудың белгісі байқалмайды" дейді олар. Ал шетелдік зерттеушілер теңіз жануарының қырылу себебін жақын арада болған Каспийдегі жер сілкінісімен байланыстырып отыр. Сол соққы су жануарын оңдырмады деп болжайды.

Біздің болжамымыз бойынша итбалықтар газдың әсерінен қырылуы мүмкін. Каспий теңізінде суасты газының бар екені мәлім. Ол ауадан ауыр болғандықтан теңіздің бетіне шығады. Сондықтан итбалықтар жиналған газға тұншығып өлуі мүмкін деген болжамға келіп отырмыз, – деді биология ғылымдарының кандидаты, итбалық зерттеу маманы Мария Соловьёва.

ИТБАЛЫҚТАРДЫҢ ҚЫРЫЛУЫ

Өткен көктемде зертхана қорытындысы қырылған 187 итбалықтың жетеуі балықшылардың құралы – ауға түскенін, қалғаны инфекциялық ауруға шалдыққанын көрсеткен. Ал қазіргі 300 итбалықтың сынама қорытындысы 3 айдан кейін ғана дайын болады екен.

Маңғыстау жағалауында өлі табылған итбалықтардың саны қарқынды өсіп, бұған дейін 300-ге жетіп қалғаны хабарланған еді. Гидробиология және экология институтының ғылыми қызметкері, ихтиолог Әсел Баймұқанованың айтуынша, әсіресе Солтүстік Каспийге келгеннен кейін итбалықтардың өлексесі көбейген. Балық шаруашылығы инспекциясының мәліметі бойынша, 24-29 қазан аралығында Каспий теңізі жағалауынан 289 өлі итбалық табылған. Мекеме бұл оқиғаның себептері әлі белгісіз екенін айтып, жағалау аймағын бақылауды жалғастыруда.

Алдын ала нұсқа бойынша, итбалықтардың өлімі теңіздің ластануынан және олардың иммунитетінің төмендеуінен болуы мүмкін екенін жазған едік. Оның алдында Экология және табиғи ресурстар министрлігі Маңғыстаудағы итбалықтардың жаппай қырылу себептерін әлі атай алмаған еді. Бұл мәселе сала министріне де қойылған. Бірақ ол бәрі зерттеліп жатқанын айтты.