×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Жалған ақпарат: «Қазақфильм» киностудиясы жер учаскесі сатылмайтынын мәлімдеді

02.11.2024, 14:51
Жалған ақпарат: «Қазақфильм» киностудиясы жер учаскесі сатылмайтынын мәлімдеді
Sputnik

«Қазақфильм» киностудиясы әлеуметтік желідегі парақшасында соңғы кездері БАҚ беттерінде жарияланған ақпараттарға байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Қазақфильм» киностудиясы әлеуметтік желі арқылы жер учаскесін сату және өткізу режимінің қатаңдатылуы туралы ақпаратты жоққа шығарды.

“Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы соңғы күндері Рысқұлов даңғылы, 101Б мекенжайында орналасқан жер учаскесі мен бұрынғы «Қазкино» кешенін сату туралы таралған ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдейді. Қазіргі уақытта учаске мен ғимарат киностудияның меншігінде және сатуға шығарылмайды”, делінген ресми хабарламада.

Сондай-ақ киностудия аталған учаскеде апаттық жағдайда тұрған ғимарат анықталғанын жеткізді. Ол киностудия мамандарының бірнеше рет жүргізген тексерулері арқылы расталған.

“Аумақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жазатайым жағдайлардың алдын алу мақсатында «Қазақфильм» Алматы қаласы әкімдігінің өкілдерін тарта отырып, кешенді сараптама жүргізуді бастады. Сарапшылардың қорытындысы бойынша осы ғимаратты қауіпсіз пайдалану үшін қажетті шешімдер қабылданады. Жер учаскесі мен кешенді сату туралы барлық ақпарат жалған. Бұл жалған ақпарат әрі қарай таралған жағдайда сотқа жүгінуге құқығымыз бар”, дейді киностудия басшылығы.

Сонымен қатар «Қазақфильм» басшылығы киностудия аумағындағы өткізу режимінің қатаңдатылуы туралы хабарламалар да шындыққа жанаспайтынын да мәлімдеді.

“Қолданыстағы өткізу жүйесі қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және киностудия мүлкін қорғауға арналған. Мұндай шаралар әлемдегі барлық киностудияларда қалыпты тәжірибе болып саналады және ұрлық, өртеу және басқа да оқиғалардың алдын алу үшін қажет. Жақында енгізілген қауіпсіздік шаралары студия аумағында болған өрт пен қызметкерлерге жасалған шабуыл сияқты оқиғаларға жауап ретінде жасалып, студияда жұмыс істейтіндердің барлығын қорғауға бағытталған.

Сонымен қатар, киножобаларды қаржыландырудың кешіктірілуі туралы ақпаратты да түсіндіруді жөн көрген.

“2023 жылы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы 18 жобаны өндіріске жіберіп, олардың 10-ы 70%-дан астам қаржыландырылды. Оның ішінде екі жоба 100% қаржыландырылды. Ал, қалған сегіз жоба 50%-дан төмен қаржыландыру алды, алайда олардың бірқатарына  аралық төлемдер жасалды. Кейбір жобаларды қаржыландырудың кешігуі Қазынашылық комитеттің кеш қаржы бөлуімен байланысты. Сонымен қатар кешіктірілу есептердің уақытылы тапсырылмауымен де байланысты, бұл келесі транштарды алу үшін қажетті шарт”, делінген мәлімдемеде.

«Қазақфильм» киностудиясы жалған ақпарат тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкелетінін еске салып, өз беделін қорғау мақсатында, жалған мәлімет таратқандарды жауапқа тарту үшін тиісті органдарға жүгінуге құқылы екенін атап өткен.