Парламент Мәжілісінде ҚР Қылмыстық кодексіне өлім жазасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Ulysmedia.
2021 жылғы 2 қаңтарда Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялау өлім жазасының күшін толық жою жолында Қазақстанның кезекті қадамы болғаны белгілі. Президент биылғы жолдауында қылмыстық заңның нормаларын Екінші Факультативтік хаттаманың ережелерімен үйлестіруді тапсыра отырып, өлім жазасының күшін толық жоюдағы елдің саяси бағытын тағы да растаған еді. Одан бөлек мемлекет басшысы осы жылдың жылдың 16 қарашасында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Қазақстанда өлім жазасы қандай да бір ескертусіз жойылуға тиіс екенін мәлімдеген.
«Осыған байланысты Комитет қылмыстық заңнамадағы өлім жазасын алып тастау туралы тиісті түзетулер дайындады. Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару кодекстеріне, сондай-ақ өлім жазасы туралы ережелерді қамтитын екі заңға мынадай өзгерістер енгізілді. Заң жобасының атауы да өзгерді. Бұған қоса, өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге ратификацияланған Екінші Факультативтік хаттаманың редакциясы нақтыланды», - деді Мәжілісте Арман Қожахметов.
Парламент Мәжілісінің комитеттері заң жобасы бойынша оң қорытындыларын беріп отыр.