Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Қырғыз Республикасының Түркия алдындағы сыртқы қарызын кешірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров бүгін Бішкекте Түркия Республикасының президенті Режеп Тайып Ердоғанмен келіссөздердің қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері алдында мәлімдеді.
"Президент Ердоғанға Қырғызстанның Түркия алдындағы сыртқы қарызын өтеу туралы шешім қабылдағаны үшін үлкен алғысымды білдіремін", деді Қырғызстан басшысы С.Жапаров.
Сондай-ақ тараптар Қырғыз Республикасы азаматтарының Түркияда тегін емделуін қарастыратын келісімдерді жаңарту туралы келісімге де қол жеткізген.
Жалпы кездесу нәтижесінде тараптар ынтымақтастық туралы, оның ішінде қауіпсіздік саласындағы 19 келісімге қол қойды.
Сондай жобалардың қатарында бүгін ашылған Бішкектегі түрік-қырғыз достығы мемлекеттік ауруханасы да бар. Бұған да Түркия 32 миллион доллар бөлмек.
Ал Ердоған осы ауруханаға өз атының берілгеніне ризашылығын жеткізді.