×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Алмасбек Садырбай ұсталды

06.11.2024, 08:42
Алмасбек Садырбай ұсталды
Ulysmedia коллажы

Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті облыстық прокуратурамен бірлесіп, "Шаңырақ" қоғамдық бірлестігінің басшысы А. Садырбайдың "аса ірі мөлшерде алаяқтық әрекетін әшкерелегенін" хабарлады, деп жазады деп Ulysmedia.kz.

АГЕНТТІК АҚПАРАТЫ

Агенттіктің хабарлауынша, ол өзі басқаратын адамдар тобымен Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарында “жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрды” деген күдікке ілінген.

– Негізгі мақсат – ұсақ малдың аналық басын ұрықтандыруға субсидияларды заңсыз алу және жемшөп шығындарын өтеу. Бұл үшін заңнамаға қайшы ауылшаруашылық жерлері жоқ шаруа қожалықтары тартылды. Бұдан әрі жалған кадастрлық нөмірлерді көрсете отырып, дәйексіз мәліметтерді қамтитын субсидиялар алуға өтінімдер қашықтан берілді. Бұл ретте ауыл шаруашылығы кооперативтері басшыларын хабардар етпей, олардың ЭЦҚ-сы пайдаланылды. Осылайша 1,2 млрд теңгеден астам қаражат ұрланған, – делінген хабарламада.

Алмасбек Садырбайдың өзі ұсталған. Оның сыбайласы тергеу сотының санкциясымен үй қамауында отыр.

“ПРЕЗИДЕНТТЕН АРАША СҰРАЙМЫН”

Қаржы мониторингі ұсталғанын хабарламас бұрын Алмасбек Садырбай әлеуметтік желі арқылы араша сұраған. 

– Маған қарсы заңсыз әрекеттер жүріп жатыр. Мақсат – мені қолға, қамаққа түсірмек. Құрметті, президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, құрметті ҰКҚ төрағасы Ермек Алдабергенұлы Сағымбаев, Антикор басшысы Асхат Жұмағали, сіздердің осы іске араласуларыңызды сұраймын. Өйткені, Алматы облысында әділетсіздік болып жатыр. Маған жала жауып, әріптес, серіктестерімді қамап, заңсыз әрекеттер жүріп жатыр. Құрметті, халқым, сіздердің маған қолдауларыңыз керек, – деген ол үндеуінде.

АЛМАСБЕК САДЫРБАЙ ЖАЙЛЫ

Агросалада Алмасбек Садырбай есімі белгілі адам. «Шопан-ата» агро-қозғалысының төрағасы, агросарапшы ретінде ол саладағы мәселелерді ашық айтып, ылғи қоғам назарында жүреді.

Ашық дереккөздерде оның Орталық Азия университетін "Экономика" мамандығы бойынша бітіргені жазылған. Алмасбек Садырбаев Алматы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Мемлекеттік сатып алу бөлімінің бастығы болып жұмыс істеген. Agroholding QAZYNA басқарма төрағасы, 2017 жылдан бастап Гэмпшир, Суффолк және ет мериносы тұқымдарының етті бағыттағы қойларының республикалық палатасының төрағасы болған. 2018 жылдан бастап "Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы қызметін атқарса, 2019 жылдан бастап Алмасбек Садырбаев Shopan-ata Қазақстан қой өсірушілер Ұлттық қауымдастығының төрағасы қызметін атқарып келеді.