×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

"Ұлттық кино экперимент жасайтын орган ба". 6 айда мәдениет қайраткерлері 6 ашық хат жазған – депутат

13.11.2024, 13:59
"Ұлттық кино экперимент жасайтын орган ба". 6 айда мәдениет қайраткерлері 6 ашық хат жазған – депутат
Коллаж Ulysmedia.kz

Мәжіліс депутаты, ақын Қазыбек Иса мәдениет және ақпарат министрлігі мен оған қарайтын мекемелер туралы өткін сын айтып, премьер-министрге адуынды талаппен сауал жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

НАРАЗЫЛЫҚ ШЕРУІ ҺӘМ СОТТАСУ АЛАҢЫ

Мәжілісмен кейінгі бір жылда мәдениет саласы – наразылықтар шеруіне, ақпарат саласы – соттасу алаңына айналды деді.

Оның сөзінше, тек соңғы 6 айдың ішінде мәдениет қайраткерлері президент пен парламенттен көмек сұрап, 6 рет ашық хат жазған.

Күні кеше Еңбек Ері – Асанәлі Әшімов пен Дулат Исабеков бастаған қайраткерлер кино саласындағы қалыптасқан ауыр ахуалға наразылық білдіріп, ашық хат жазған

“Кино өндірісіне жауапты орындарда бұл салаға қатысы жоқ бөгде адамдар отыр, жемқорлық жайлаған киноға бөлінген миллиардтаған теңге талан-таражға салынуда. Бұл саладағы деградацияны тоқтатпаса, жағдай қиындайтын түрі бар. Мәдениет министрлігі қазақ киносындағы жағдайды реттемек түгілі, басын алып қашып отыр. Мәдениет саласына мәдениетті білетін басшы керек!” дейді белгілі өнер тарландары” деп келтірді ол хат мәтінін.

“ҰЛТТЫҚ КИНО ЭКСПЕРИМЕНТ ЖАСАЙТЫН ОРЫН БА”

Депутат мәдениет министрлігі қателіктерінен шыққан дауды тезірек шешу орнына, үнсіз отыр деп ашуланды.

“Хатта жазылғандай, «Қазақфильм» киностудиясында да, Ұлттық киноны қолдау орталығында – бірде-бір кино саласының маманы жоқ. Бұл «ауруханада бір де бір дәрігер жоқ» дегенмен бірдей сұмдық жағдай емес пе?! Сонда біз Ұлттық киномыздың тағдырын кімдердің қолына тапсырып отырмыз?!. Мәдениет саласына мәдениеттен хабары жоқ кім көрінгенді басшы қылатындай мәдениет салалары, ұлттық кино экперимент жасайтын орган ба?” деп шүйліге түсті ол.

“МӘДЕНИЕТТЕН ХАБАРСЫЗ МИНИСТР”

Қазыбек Иса кез келген саланы құртудың ең оңай жолы – ол жерге ол салаға еш қатысы жоқ адамды бастық қылу екенін атап өтті.

Осылай сала төңірегіндегі мәселелерді сынаған депутат министрдің өзін де сөзбен сыбай өтті.

“Мәдениет және ақпарат министрінің өзінің мамандығы да мәдениет пен ақпарат саласына ешқандай қатысы жоқ. Сондықтан да Мәдениет министрлігінің үстінен Мәдениет қайраткерлерінің Президентке жазған арызы қарша борауда. Кеңестік кезеңде де, Тәуелсіздік дәуірінде де, жалпы ел тарихында дәл қазіргідей Мәдениеттен хабарсыз Мәдениет министрі болған емес! Ақпарат құралдарының Ақпарат министрін сотқа беруі де ел тарихында тұңғыш рет” дейді депутат.

Мәжілісмен саланы мәдениеттен хабарсыз Мәдениет басшыларынан құтқару керектігін айтып, үкіметті бұл мәселеге шұғыл араласып, жағдайды тұрақтандыруға шақырды.