Бүгін (1940-2018) ғалым, тарихшы-археолог, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Берлиндегі Неміс археологиялық институтының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері Карл Байпақовтың туған күні, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ол Алматы облысы Талғар қаласында туған. Ленинград мемлекеттік университетін бітірген.
1963-1989 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының аспиранты, ғылыми қызметкері, аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары болды. 1989-1991 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты Археологиялық орталығының жетекшісі қызметтерін атқарады. 1991-2010 жылдары Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының директоры қызметін атқарды. 2011-2016 жылдары «Қазақстан археология қоғамы» ҚБ төрағасы болып жұмыс істеді.
2016-2017 жылдары Мәдениеттерді жақындастыру орталығы директорының міндетін атқарушы, 2017-2018 жылдары Ә. Марғұлан атындағы Археология институты урбанизация және номадизм бөлімінің меңгерушісі болды. Қазақстанның орта ғасырлық тарихын, қала мен дала арасындағы байланысты зерттеп, ғылымда жаңа бағытты дамытты.
40-тан аса монография, археологияға байланысты 4 оқу құралы, 4 мектеп оқулығы, 12 альбом және 500-ден астам ғылыми мақалалардың авторы. Бірнеше халықаралық конференцияларға қатысып, ЮНЕСКО ұйымдастырған «Жібек жолы» халықаралық экспедициясына Қазақстан тарапынан жетекшілік етті. ЮНЕСКО-ның Орта Азия тарихымен айналысатын халықаралық ғылыми комитеті мен «Ұлы Жібек жолы» Қазақстан ұлттық комитетінің мүшесі, Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты. «Парасат» орденімен және медальдармен марапатталған.