Қазақстанда танымал фембике, заңгер Айгерім Құсайынқызы "Нурикамал" фильмін көргеннен кейінгі түйген ойын әлеуметтік желі арқылы жұртшылыққа жеткізіп, кинокартина авторларын сынады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАЙҒЫҢЫЗҒА ОРТАҚПЫН...
Заңгердің сынға толы пікірін ′98mag журналы әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
«Нурикамал» фильмінен әйелді қорлаған не әйел ретінде намысыңызға тиген ешбір эпизод көрмесеңіз, қайғыңызға ортақпын» дейді танымал фембике, заңгер Айгерім Құсайынқызы.
ӘЙЕЛ ҚҰҚЫҒЫ ҚҰНСЫЗДАНДЫ
Айгерім Құсайынқызының пікіріне шолу жасасақ. Заңгер фильм бойы ашуға булығып отырғанын жеткізеді. Өйткені қоғам әйел теңдігі деп күресіп жүргенде бұл фильм әйелді құнсыздандыра түскен картина болғанын айтты.
“Бірден айтайын, фильм бойы ашуға булығып отырдым. Бұл фильм “тоқыраудан әбден қажыған өнер адамына” деген кіршіксіз махаббат жайлы емес, жанқияр қазақ әйелінің аянышты өмірін жалпақ жұртқа жария еткен, әйел өмірі еркектің қалауы мен арманынан төмен екенін еске салған трагикомедия болды. Қазақ әйелінің құқығы мен мүмкіндігі, арманы мен ерік-жігері ерлермен тең болсын деп күресіп жүргенімізде бұл фильм әйелді құнсыздандыра түскен картина болды”.
АВТОРЛАРДЫҢ КӨЗДЕГЕНІ НЕ
Сондай-ақ заңгер фильмдегі проблематикалық дүниелер бастан асатынын атап өтті. “Бұл фильм “Ханбибінің ерлігі” деп аталуға тиіс еді” деген пікірге де қынжылғанын жеткізіпті.
“Режиссер бірнеше кейіпкер арқылы дәл қазір ашық алаңдар мен биік трибуналардан айтуға дәті бармайтын көнерген нарративті көлденең тартады: әйелге “мінсіз еркек жоқ, “”шыдашы енді, шыда” дейді, “міндетсінбе” дейді. Фильм соңында залдан “Бұл фильм “Ханбибінің ерлігі” деп аталуға тиіс еді” деген пікір естіп қалдым. Авторлардың көздегені де осы болса керек. Бұл фильмде ақынның әрекеті неге “ерлік” емес?”, деді заңгер Құсайынқызы.
Сонымен қатар фильмге арқау болған “өнер адамына” қатысты да пікір білдіріпті.
“Еркектер сіңірген түсінік бойынша, сен халқың сүйген дарынды әйел болсаң да, үйдегі ерің үшін өзіңді ұмытуға тиіссің, оның шығармашылығы үшін бәріне шыдауға міндетті адал жарсың, бірге тапқан үш қызға жалғыз қарайтын қамқор анасың. Қазақ әйелі болып дүниеге келген соң, зарың мен налың қанша тұншықтырса да, “өнер адамы” атанған жарың үшін өзіңді ұмытуың керек. Себебі сен “әйел болып жаралғансың”, деген заңгер фильмдегі инедей идеологияға қарсылық білдіріпті.
ЕКІНШІ ОТБАСЫН “ЗАҢДАСТЫРУ” МА
Яғни бұл фильмді дәл қазір қазақ қоғамындағы еркектің “екінші отбасын” немесе тоқалдықты заңдастыруға талпынған әрекет деп сыни көзқарасын білдірді.
Заңгер фильмдегі ақынның өз күйеуінің “музасына” “оған ұл тауып бер” деген өтінішін “даналық” деп қабылдайтын адамдар барда бұл картина қоғам үшін қауіпті болып көрінбейтінін жеткізді.
“Әйел құқығын қорғаушылар осы бір қоғам дертімен қалай күресеміз деп жүргенде тозған түсінікті дәріптейтін фильмнің шығуы қоғамға қауіп төндіреді. Маған тас лақтырсаңыз да, тырнақ астынан кір іздейтін шайпау фембике десеңіз де, шындық – осы”, деп ойын түйіндеді заңгер Құсайынқызы.
Еске сала кетсек, бұған дейін AmalBooks баспасының негізін қалаушы, баспагер Бақытжан Бұқарбай прокатқа шығып жатқан «Нурикамал» фильмін сынап тастаған еді.