Белградқа ресми сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичпен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Кездесуге екі ел делегациялары қатысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АҚОРДА ХАБАРЛАМАСЫ
Кездесу барысында мемлекет басшылары сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты тереңдету мәселелеріне баса мән берген.
Президенттер екі ел арасындағы тауар айналымы өсімін жоғары бағалаған. Осы орайда қазіргі әлемдегі геосаяси және экономикалық жағдай ынтымақтастықты жандандыра түсуді қажет ететінін атап өтті.
Тараптар алдағы уақытта екіжақты сауда-саттық көлемін ұлғайтуға және жеткізілетін тауар түрлерін кеңейтуге ниетті екенін растады
Президенттердің айтуынша, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, қорғаныс өнеркәсібі кешені, цифрландыру, телекоммуникация және аэроғарыш салаларындағы бірлескен ірі жобаларды ілгерілету үшін қажетті ресурс пен мүмкіндік бар.
НЕНІ ТАЛҚЫЛАДЫ
Сондай-ақ көлік инфрақұрылымын әртараптандыру және өзара байланысты дамыту, атап айтқанда, Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейстерін ашу маңызды екені айтылды.
Мемлекеттер басшылары білім, ғылым, денсаулық сақтау, туризм, жасанды интеллектіні енгізу бағыттарындағы өзара іс-қимылды жолға қою мәселесін талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучич сапар аясында қол қойылған екіжақты құжаттар қазақ-серб ынтымақтастығын одан әрі тереңдетуге жан-жақты ықпал ететініне сенім білдірді.