×
$
453.64
€
508.17
₽
5.59
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
453.64
€
508.17
₽
5.59

Үкімет Салық кодексіндегі даулы нормаларды қайта қарауы мүмкін

Бүгін, 17:45
Үкімет Салық кодексіндегі даулы нормаларды қайта қарауы мүмкін
ашық дереккөз

Президенттің сынынан кейін Ұлттық экономика министрлігі бұған дейін қағидатты ұстаным деп атаған түзетулерді қайта қарауға кірісті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Үкімет отырысының кулуарында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Президенттің Салық кодексіндегі нормаларды қайта қарау жөніндегі тапсырмасы қалай орындалып жатқанын айтты.

– Біз заң жобасын әзірлеп қойдық, қазір ол талқыланып жатыр. Қараша айының соңына дейін оны Парламентке енгіземіз деп ойлаймын. Түзетулер үш бағытты қамтиды. Біріншісі – Мемлекет басшысының қабылданған жарлықтарына қатысты. Олар цифрландыру мен көші-қон мәселелерін қамтиды. Бұдан бөлек, премьер-министрдің және жобалық кеңсенің тапсырмалары бар, – деді Әмрин.

Ulysmedia.kz тілшісі қазақстандықтар ең көп сынға алған нормалар, атап айтқанда B2B мәмілелері бойынша шегерім жасауға тыйым салу және үй жанындағы дүкендерге салық салуды қатаңдату мәселелері қайта қарала ма деп сұрады.

– Бұл мәселе күн тәртібінде тұр, оны талқылаймыз. Әлі уақытымыз бар, – деп жауап берді Әмрин.

Контекст

Үй жанындағы дүкендердің иелері сатып алушылар санының азайғанына көптен бері шағымданып келеді. Ал 2026 жылдан бастап күшіне енген Салық кодексіндегі нормалар, сатушылардың айтуынша, олардың жұмысын мәнсіз етті. Оларды тіпті Құрылтай депутаттары да қолдады.

Алайда Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутаттардың үй жанындағы дүкендерде қолма-қол ақшасыз төлем үшін алынатын комиссияның шекті мөлшерін 0,5 пайызға дейін белгілеу туралы ұсынысын қолдамады. Сондай-ақ министрлік мұндай дүкендер үшін салықты азайту және сауда үстемесін тексеруді алып тастау жөніндегі ұсыныстарды да қабылдамады.