Қызылордада сексуалды құлдыққа ұшыраған оқушы қыздың оқиғасын бүкіл ел біліп, үлкен шу туғызған. Қазір сол оқиғалар бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Алайда өңірде салаға жауапты болған шенеуніктер әлі де қызметінде. Облыста осы жайттан кейін қандай шара қабылданғанын және зардап шеккен отбасының қауіпсіздігі мәселесі жөнінде Ulysmedia.kz тілшісі Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтан сұрап көрді.
НӘЛІБАЕВ НЕ ДЕЙДІ
Брифинг барысында әкімге шулы оқиға жөнінде сұрақ қойылған.
– Қызылордада зорлыққа ұшыраған оқушының анасымен сөйлескенбіз. Ол кісі осы оқиғадан кейін «өңірден көшеміз» деп отбасының қауіпсіздігі үшін алаңдап отыр. Сіздің жаңа сөзіңізден ұққанымыз, осындай шулы оқиғалардан кейін кадрлық өзгерістер болмаған. Сіздіңше, өзіңіз айтқандай, жай түсіндіру жұмыстарымен осындай оқиғалардың алдын алуға болады деп ойлайсыз ба? Мұндай жайттар үлкен кадрлық шешімдерге негіз бола алмайды деп есептейсіз бе? – деп сұрақ қойылды Нәлібаевке.
Бұл сұраққа жауап берген облыс әкімі Оқу-ағарту министрінің қатысуымен өңірдегі төрт ауданда үлкен жиын өткізіліп, мәселе жан-жақты талқыланғанын айтады. Балалардың тәрбиесі мәселесі талқыланған жиынға ата-аналар комитеті, зиялы қауым өкілдері қатысып, ауыл әкімінен бастап ортақ іске бәрін атсалысуға шақырған.
– Бізде бәрі бір-бірін жақсы біледі. Ағайын-туыс, көрші-қолаң араласып жатқан. Олардың бәріне қатаң тапсырдық, міндеттедік. Оған құқық қорғау органдарының басшылары да қатысты. Олар атқарылып жатқан жұмыстар туралы, алда не істеу керектігін айтып, баяндама жасады. Ұсыныстарын берді. Осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Күнделікті рейдтер жүргізілуде. Оның бәрін әлеуметтік желіден көрсеңіздер болады. Құқық қорғау органдарымен бірге біздің білім саласының қызметкерлері, әкімдік, бөлім қызметкерлері, әріптестеріміз күнделікті рейдтерді жүргізуде. Қалада да, аудан орталықтары мен ауылдарда да. Алдағы уақытта біз бақылаймыз. Әрине, бұл жағдай өте өкінішті. Орын алмау керек. Болдырмауға жұмыс жасаймыз. Бірақ бір осындай кемшілікке бола басқарма басшысын қызметтен босатар болсақ, ол болмайды ғой. Басқа да еңбектерін бағалауымыз керек қой. Алдағы уақытта да нәтиже шығармайтын болса, осындай кемшіліктер орын алса, онда міндетті түрде шешім қабылданады. Басқарма басшысы министрліктің тікелей бақылауында. Бұл жұмыс та министрліктің бақылауында. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Кім кінәлі? Бәріне кеңінен жауап беріледі, – дейді Нәлібаев.
Әкім осы іс бойынша әртүрлі деректер барын, оны айтып тұру өзіне ыңғайсыз екенін айтады. Ал зардап шеккен оқушы қыздың анасына басқа үй ұсынылған. Ол кісінің анасы оқиға болған кезде әкімнің айтуынша, Алматыда жүрген. Келгеннен кейін әкімдік қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері сөйлескен.
– Басқа үйге барғыңыз келетін болса деп басқа үй де ұсынғанбыз. Бірақ өз пәтерінде тұрам деді. Ары қарай да оны қолдауға дайынбыз, – дейді ол.
16 ЖАСТАҒЫ ҚЫЗДЫҢ ОҚИҒАСЫ
Биыл тамыз айының басында Қызылорда қаласында мектеп оқушысының анасы сыныптастары қызын есірткі қолдануға мәжбүрлеп, күштеп ұстағанын, ақша бопсалап, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр еткенін мәлімдеген. Кейін оқиғаның егжей-тегжейі арнайы өткен брифингте баяндалды. "Не молчи" қоғамдық қорының араласуымен сұмдық деректердің беті ашылды. Сол күні белсенді Айсана Әшім «16 жастағы қызды 1000 еркек зорлағанын» айтып дабыл қақты. Бұдан бұрын оқушыны секс-құлдыққа салған 13 адам бары айтылған. Жәбірленуші қыздың анасы Ulysmedia.kz-ке сұхбат беріп, іс бойынша 200 адам тергеліп жатқанын айтқан.
Өткен айда ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха іс бойынша 13 фигурант анықталып, олардың 11-і қамауға алынғанын хабарлаған еді.
Ал таяуда істегі сотталушының біріне үкім шықты. Соттың мәліметінше, сотталушы Т. кәмелетке толмаған жәбірленушіні ар-намысына тиетін ақпарат таратамын деп қорқытып, одан 700 мың теңге талап еткен, сондай-ақ сөмкесіндегі 35 мың теңге ақшасын алып кеткен. Ресми мәлімет бойынша, ол сотталушы 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған.
Ал Ulysmedia.kz тілшісі оқушының анасымен сөйлескен кезде ол “отбасы аты-жөнін өзгертіп, басқа қалаға көшетінін” хабарлаған еді.