Атырау қаласындағы мал базарында өліп қалған сиыр сібір жарасы ауруына шалдыққаны анықталғаннан кейін карантин жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ресми деректерге сүйенсек, қазан айының соңында «АсылАгро» базарына әкелінген сиыр бірден жеке оқшаулау орнына қойылған. 12 қарашада мал өліп қалған, ал мамандар инфекцияға сынамалар алған. 15 қарашада сынамалар нәтижесі бойынша сиырда сібір жарасы ауруының белгілері анықталғаны белгілі болды, деп жазады azh.kz.
Осы жағдайға байланысты мал сою цехы уақытша жабылып, 20 қараша 2024 жылы «АсылАгро» шаруашылығы аумағында карантин енгізілді. Малдарға вакцина егу және нысанды толық дезинфекциялау шаралары басталды. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет персоналды тексеріп, байланыста болған адамдарды анықтап жатыр.
Ветеринарлық инспекция санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен бірлесіп, аурудың шығу себептерін анықтау шараларын жүргізуде. Алдын алу мақсатында облыстық ветеринарлық зертхана ет базарларында қосымша зерттеулер жүргізеді.
ӨЗГЕ ФАКТІЛЕР
Қыркүйекте Алматы облысында 16 адам күйдіргі жұқтырып, ауруханаға түскен.
Оның алдында Ұйғыр ауданы Шонжы селосында ірі қара малынан Сібір жарасы анықталып, ауыл карантинге жабылған.
СІБІР ЖАРАСЫ ТУРАЛЫ
Сібір жарасы – жануарлар мен адамдарды зақымдайтын қауіпті жұқпалы ауру. Ол ауыр өтіп, өлімге әкелуі мүмкін. Ауру терілік немесе жалпыланған түрінде, оның ішінде септикалық, ішек және өкпе түрлерінде көрінуі мүмкін. Күйдіргі бактериялары топырақта жылдар бойы сақталып, ауру мал, олардың еті мен өнімдері арқылы адамға жұғуы мүмкін.