Жамбыл облысы, Меркі ауданында жамбы атудан ересектер арасындағы Х Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті. Бұл айтулы дода жылдың соңғы әрі ең маңызды жарысы. Себебі жеңімпаздар мен жүлдегердер қатарынан Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы осы тізіпге қарап жасақталады. Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген 30 спортшы еліміздің басты мергені атану үшін бақ сынады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
Жылдың басты әрі соңғы жарысының алғашқы күні мергендер «Мажар» стилінен бастады.
Нәтижесінде, Түркістан облысының намысын қорғаған Сарыбай Айтбек 77,94 ұпаймен алтынды, 77,22 ұпаймен түркістандық Айкөз Ералхан күмісті, ал жамбылдық Тұлыбеков Абзал 66,41 ұпаймен қола жүлдені еншіледі.
Екінші күні спортшылар «Азия» стилінен сынға түсті. Бұл нысананы дәл көздеген Түркістан облысының намысын қорғаған үш спортшы жеңіс тұғырынан көрінді. Батыр Бексауыт алтын, Айкөз Ералхан күміс, Сарыбай Айтбек қола жүлде еншіледі.
Үшінші жарыс күні жамбы атушылар «Түркі» нысанасын көздеді. Нәтижесінде, жарақатына байланысты бір жылдық үзіліс алған мергеніміз жамбылдық Бабажан Бақдәулет бабында екенін тағы бір дәлелдеп, алтын жүлде иеленді. Түркістандық Айкөз Ералхан күмісті, Меркі ауданының тумасы Тұлыбеков Абзал қола жүлде еншіледі.
Бақдәулет Бабажан, жамбы атушы:
Осы сәтті ұзақ күттім. Бір жыл бұрын аяғымнан ауыр жарақат алған едім. Емі ұзаққа созылды. Бірақ, соған қарамастан ұлттық құрама сапына қайта оралатыныма сендім. Қиын сәтте қолдау білдірген барша жанға алғысымды білдіремін.
Қазақтың төл нысанасы «Жамбы» стилі бойынша түркістандық Айкөз Ералхан алтын жүлде жеңіп алды. Айтбек Сарыбай күмісті, Батыр Бексауыт қола жүлдені еншілеп Түркістан облысына командалық есеп бойынша жеңіс әкелді.
Елнұр Исақұл, ҚР жамбы ату федерациясының бас директоры:
Бұл мерейлі Меркі ауданында өтіп жатқан төртінші жарыс. Бұған дейін қарашаның 7-11 аралығы жастар мен жасөспірімдер арасында республикалық турнир өткіздік. Жастар арасынан суырылып шығып жарқ еткен мергендеріміздің көптігі қуантады. Одан кейін 12-15 қараша аралығы ересектер арасында Республикалық турнир өтті. Ал бүгін Қазақстан Республикасының мерейлі Х чемпионаты мәресіне жетіп отыр.
Елдос Бадашев, жамбы атудан ұлттық құраманың бас бапкері:
Осыдан он жыл бұрын ұлттық құраманың іргетасы осы Меркі төрінде құрылған. Жамбы атудың он жылдығы биыл керемет тойланып жатыр. Көшпенділер ойындарында да керемет нәтижеге жеттік. Осының бәрі федерацияның қолдауды аямай беріп жатқандығында. Чемпионптқа оралар болсақ, ұлттық құрамада жүрген жігіттер өздерінің мықтылығын тағы бір дәлелдеді. Чемпионат барысында қосалқы құрамға тізім жасап қойдым. Алдағы уақытта құрамада кішігірім өзгерістер болады. Болашағынан үміт күттіретін ұл-қыздарымыз да бар.
«Жамбы ату» – шауып келе жатқан ат үстінде белгілі бір қашықтықтағы нысананы ұлттық садақпен ататын спорт түрі. «Жамбы атудың» ерекшелігі – құйғыта шапқан ат үстінде отырып, санаулы секундтар аралығында өте шапшаңдықпен және дәлдікпен садақ ату. Ат үстінен садақ ату – әлемнің көптеген елдерінде кең тараған мергендік өнердің бірі. Қазір осы спорт түрінен республикалық, халықаралық, дүниежүзілік жарыстар тұрақты өткізіліп тұрады.