Белсенді Бэлла Орынбетова 28 қарашадан бастап кинотеатрлардан көрсетілетін «Моана 2» анимациясының прокатында тағы да тіл мәселесі айқын көрінетінін әлеуметтік желіге жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Белсенді әлеуметтік желіде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваны, Кинопарк, Киноплекс, Лумера синема, сонымен қатар жақында ғана халықаралық орыс тілі одағын құруға дауыс берген Мәжіліс депутаттарын белгілеген.
– Disney кинокомпаниясының қазақ тіліне (өз есебінен!) дубляждаған «Моана 2» анимациялық фильмі 28 қарашадан бастап кинопрокатта көрсетіледі. Алайда көптен күткен фильмді қызым екеуіміз жұрт қатарлы премьера күні көре алмаймыз. Себебі қазір 28 қараша күні кинотеатрларда Моананың қазақша сеансына жұмыстан кейін өзіміз қалаған уақытта бара алмаймыз, – дейді ол.
Белсендінің жазуынша, Кино.кз сайтындағы кесте мынадай (Алматы қаласы):
– Осы елдің азаматы ретінде ашынбай, шуламай, күреспей, жай ғана тып-тыныш қазақша киноға бара алатын күн туа ма екен? Неге қарапайым адам құқымды пайдалану үшін күрескер режимін қосуым керек?! – дейді ол.
ИГЕРІЛМЕГЕН ҚАРАЖАТ
Ulysmedia.kz порталы бұған дейін осы мәселені жазған еді. Шетелдік фильмдер мен анимацияларды аударуға Қазақстан бюджетінен 2023 және 2024 жылы 443 млн теңгеден бөлінген. Алайда бірде-бір фильм бюджет есебінен аударылмай, қаражат бюджетке кері қайтарылған. Ұлттық кино орталығы қаңтарда шетелдік фильмдерді дубляждауға конкурс жариялаған. Заңға сәйкес Ұлттық киноны қолдау орталығы Қазақстан аумағына әкелінетін балаларға арналған анимациялық фильмдер мен отбасылық фильмдердің қазақ тіліндегі дубляжын қаржыландыруда бірыңғай оператор. Дубляжға арналған фильмдер министрдің бұйрығына сәйкес іріктеледі. Алайда ешбір компания оған қатысуға өтінім бермеген.