Украиналық танымал саясаттанушы Кость Бондаренко Владимир Путин мен Дональд Трамптың 2025 жылдың басында Астанада кездесіп, келіссөз жүргізетінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
APASOV Youtube арнасына берген сұхбатында Бондаренко Ресей Федерациясы мен АҚШ президенттері 2025 жылдың ақпан немесе наурыз айында келіссөз жүргізетінін және мұны Астанада ұйымдастыратынын айтты.
Саясаттанушы аты аталмаған «еуропалық және америкалық БАҚ-тарға» сілтеме жасап, мұндай ақпараттың бұған дейін айтылғанын жеткізді.
«Кездесу келесі жылдың ақпан айында, не наурыздың басында болады. Оның үстіне батыстың ақпарат көздері кездесу орнын Астана деп атады. Бұл менің сөзім емес, бұл Батыстың дереккөздерінен алынған. Кездесудің мазмұны қандай болатынын білмеймін», деді ол.
Дегенмен біз батыстың біраз беделді басылымдарының интернет ресурстарын ақтарып көріп, Трамп пен Путиннің кездесетіні туралы еш ақпарат таба алмадық.
Сондай-ақ бұл ақпаратты әлі ешбір тарап ресми растаған жоқ.