Депутат Ерлан Сайыров мәжіліске келген үкімет мүшесіне ренішін жеткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ
Ерлан Сайыровтың айтуынша, биыл үкімет парламенттің қатысуынсыз бюджетке 9 рет түзету енгізген. Мұны ол президенттің қоғамдық бақылау тұжырымына сәйкес келмейтінін айтады.
– Өздеріңіз қожа, өздеріңіз би – рақат! Сол өзгерістер аясында бір бағдарламаға бірнеше рет өзгерістер енгізілген. Ең негізгісі, түзетулер арқылы көп шығын қайта қаралған. Сол өзгерістер бойынша биыл қандай шығындар қысқарылды? Олардың қаншасы инвестициялық жобаларды іске асырумен байланысты. Ертең осы қысқарған бағдарламаларды бюджетке қайтадан депутаттарға кіргіз деп өтініш жасамасйыздар ма? – деп сұрады Сайыров.
БАЙБАЗАРОВТЫҢ ЖАУАБЫ
Бұл сұраққа вице-премьер – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров жауап беріп, биыл үкімет бюджетке 9 емес, 10 рет түзету енгізгенін айтты. Сөзінше, бюджетке түзету енгізу – үкіметтің құзіретінде сұрақ. Биыл 9 емес, 10 рет түзетілді.
– Жақында біз тағы да түзету енгіздік. Соның есебінен 370 млрд теңгеден астам ақшаны қайтадан құрылымын өзгерттік. Ең алдымен, экономикалық өсімге байланысты бағыттарға жібердік. Қазіргі бюджет заңнамасында ол құзірет бізде бар ғой. Жаңа бюджет заңнамасында Парламент алдында есептілігіміз көрсетілген. Қандай да бір түзету енгізсек, алдарыңызға келіп, баяндаймыз, – дейді ол.
Байбазаровтың сөзінше, түзетілген бюджеттен шыққан қаражат мемлекет басшысының тапсырмасымен су тасқынына байланысты шығындарды жапқанын айтады.
– Бюджеттің шығындарын үнемдеп, тек су тасқыны салдарын жоюға, экономиканың өсіміне байланысты тапсырылған. Сондықтан, біз барлық өнімсіз шығындарды, іссапарға шығындарды, әртүрлі форумдарды қайта қарадық. Сонымен қатар, біраз инвестициялық жобаларды қайта қарадық. Айтайын дегенім, осының арқасында біз ауыл шаруашылығын қаржыландыруды үш есе ұлғайтуға қол жеткіздік. Сол секілді тұрғын үйге байланысты, тұрғындарды газбен қамтуға қосымша 100 млрд теңге бөлуге мүмкіндік алдық. Сондықтан, үнемделген қаржы халықтың тұрмысын жақсартуға, экономикалық өсімді ынталандыруға бағытталды, – дейді ол.
ҚОШАНОВТЫҢ ЕСКЕРТУІ
Осы кезде сөзге төменгі палата төрғасы Ерлан Қошанов араласып, Нұрлан Байбазаровтың «10 рет бюджетке өзгеріс енгіздік дегеніңізді ерлік секілді айтып отырсыз ғой» деп ескерту жасады. Оның сөзінше, депутаттың айтқаны дұрыс. Ай сайын бюджетке бір өзгеріс енгізілген. Қошановтың пікірінше, бюджет тәртібі ақсап жатыр.