×
498.55
524.28
4.75
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.55
524.28
4.75

Volkswagen Қытайдағы зауытын сатты

Бүгін, 14:28
Volkswagen Қытайдағы зауытын сатты
BILD

Volkswagen Қытайдың Шыңжаң провинциясындағы зауытын мәжбүрлі еңбек пайдаланды деген айыптаулардан кейін сатты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

МӘН-ЖАЙЫ

BILD БҰҰ мен құқық қорғау ұйымдары Шыңжаңдағы мұсылман азшылыққа арналған «қайта тәрбиелеу лагерьлерінің» барын бірнеше рет хабарлағанын жазады. Бұл лагерьлерде адам құқықтарының бұзылуы, соның ішінде мәжбүрлі еңбекке жегу жағдайлары тіркелген.

Volkswagen компаниясы Ұрімші қаласындағы зауытын 2012 жылы Қытай серіктесі SAIC компаниясымен бірлесіп ашқан. Бұл Шыңжаңдағы алғашқы автозауыт болды, жоба құны 170 миллион еуроны құрады.

КОМПАНИЯҒА ҚЫСЫМ

Volkswagen басшылығы ұзақ уақыт бойы зауытта адам құқықтарының бұзылғанына дәлел жоқ деп мәлімдеді. Алайда, халықаралық қауымдастық тарапынан қысым күшейді. Биылғы қыркүйек айында 50-ден астам елдің парламентшілері компанияны Шыңжаңнан кетуге шақырды.

VW-ның Қытайдағы бөлімшесінің басшысы Ральф Брандштеттер бұған дейін зауытта құқық бұзушылықтар анықталмағанын және компанияның Шыңжаңда жұмысын жалғастыратынын айтқан болатын. Бірақ халықаралық сын мен Қытайдағы сатылымның төмендеуі автокөлік өндірушісін жоспарларын қайта қарауға мәжбүр етті. 2024 жылдың алғашқы тоғыз айында Volkswagen сатылымы 12%-ға төмендеп, жергілікті өндірушілердің танымалдығына жол берді.

ГЕРМАНИЯДАҒЫ КӨЛІК ДАҒДАРЫСЫ

Күні кеше Германияның Эссен қаласындағы CAT Automobillogistik логистикалық алаңында алты мыңға жуық жаңа автокөлік өтпей тұрғаны, олардың қатарында Volkswagen мен Audi-дің қымбат модельдері, сондай-ақ электр көліктері бар екені хабарланған.

ДАҒДАРЫСТЫҢ СЕБЕПТЕРІ

Бұл жағдайдың басты себебі ретінде автокөліктердің қымбат екені  және электр көліктері үшін инфрақұрылымның жеткіліксіздігі аталады.

«Адамдар электр көліктері үшін осындай қымбат бағаны төлеуге дайын емес. Ал зарядтау станцияларының жеткіліксіздігі мен жүру қашықтығының шектеулілігі сатып алушыларды шошытады», – деп түсіндірді логистикалық алаң қызметкері.

СҰРАНЫСТЫҢ ТӨМЕНДЕУІ ЖӘНЕ САЛДАРЫ

Сарапшылардың айтуынша, Германияда жаңа автокөліктерге деген сұраныс әлі де төмендеп жатыр. Бұл жағдай автокөлік өндірушілеріне кері әсерін тигізуде. Мысалы, Ford компаниясы жұмыс уақытының қысқаруын енгізуге және қызметкерлерін қысқартуға мәжбүр болып отыр.

Volkswagen автомобиль концерні Германиядағы кем дегенде үш ірі зауытты жауып, он мыңдаған жұмыс орнын қысқартуы мүмкін екенін жазған едік. Осыған байланысты Германияда металлургия және электротехника саласы қызметкерлері ереуілге шыққан. Оған ірі автокөлік өндірушілері – Volkswagen (VW) және BMW қызметкерлері де қосылған.