Мемлекеттік техникалық қызмет "Керуен Медиа" ЖШС-мен байланысты оқиға кезінде хакерлік шабуыл тіркелгенін хабарлады. Кеше Ресей туының суреті бар LED экран кенет Украина туын көрсеткен еді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ведомство LED-экрандардың бірінде тудың көрсетілген бейнесін қысқа уақытқа ауыстыру фактісі тіркелгенін нақтылады.
– Алдын-ала мәліметтер бойынша, шабуыл прокси-серверлерді қолдана отырып, шетелдік IP-адрестерден жасалған. Осы факті бойынша ішкі істер органдары қылмыстық іс қозғады. Мемлекеттік техникалық қызмет АҚ ықпал көзі мен пайда болу тетігін анықтау бойынша техникалық іс-шаралар кешенін жүргізеді, - деп нақтылады баспасөз қызметі.
ОҚИҒА ЖАЙЛЫ
Әлеуметтік желіде Астанадағы лэд-экрандардың бірінде Ресей туының орнына Украина туы қойылғаны түсірілген видео тараған. Сол оқиға алдында ғана Астанаға Ресей президенті Владимир Путин ұшып келген еді.
Әлеуметтік желіні дүрліктірген суреттің ізімен Қазақстанның ішкі істер министрлігі бүгін іс қозғалғанын хабарлады.