×
$
441.91
€
499.05
₽
5.3
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
441.91
€
499.05
₽
5.3

Қорға түскен миллиардтар: қаза тапқан сарбаздардың отбасы қанша ақша алады?

Бүгін, 17:20
Қорға түскен миллиардтар: қаза тапқан сарбаздардың отбасы қанша ақша алады?
Ulysmedia.kz коллажы

Бейбіт уақытта оқу-жаттығу кезінде сарбаздар мен офицердің қаза табуы ешбір қазақстандықты бейжай қалдырмады. Қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасыларына моральдық қана емес, қаржылай да қолдау көрсетуге тырысқандар көп.

Қайырымдылыққа жиналған қаржыны басқарған «Ұлттық рух» қоғамдық ұйымының есепшоттарына нақты қанша қаражат түскені әзірге ресми түрде жарияланған жоқ. Алайда ашық дереккөздердегі мәлімдемелердің өзінен-ақ жиналған қаржы көлемі кемінде 3,5 млрд теңге екенін аңғаруға болады.

Бұдан бөлек, зардап шеккен отбасыларға мемлекет тарапынан да төлемдер қарастырылған. Ulysmedia.kz теңізшілердің туған-туыстары қанша қаржы алатынын есептеп көрді.

ПАРТИЯЛАР МЕН САЯСАТКЕРЛЕР БӨЛГЕН МИЛЛИАРДТАР

Қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасыларына қаржылай көмек көрсету үшін қаражат жинау 26 қыркүйекте аяқталды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы, қаражаттың бөлінуін бақылау жөніндегі комиссияны басқарған Бекмұрат Жүсіпов мәлімдеді.

Ол қайырымдылық ретінде жиналған қаржының жалпы сомасы жақын арада есептеліп, қаза тапқандардың отбасыларына ақша үлестіріле бастайтынын айтты. Жүсіпов бұл процестің толық ашық жүргізілетінін уәде етті.

Ал ашықтық мәселесіне келсек, бұған дейін «Әділет» партиясы мен оның Бизнес кеңесі қаза тапқан және зардап шеккендердің отбасыларына 1,5 млрд теңге бөлетіні белгілі болған. Сонждай-ақ Қазақстан Халық кеңесінің құрамындағы 17 кәсіпкер қаза тапқандардың отбасыларына тағы 815 млн теңге беруге уәде етті.

Құрылтай төрағасы мен депутаттары жеке қаражатынан 146,65 млн теңге бөлетінін мәлімдеді. Сонымен қатар Айдарбек Қожаназаров, Руслан Ыдырысов, Мерхат Қасымбаев, Махамбет Хасенов және Бекжан Айтқұлов  та өз қалталарынан 20 млн теңгеден беретіндерін жеткізді.

Ал Дана Медеуова, Айжан Наимбекова және Бауыржан Жамалов – 10 млн теңгеден, Тұрарбек Тілемісов, Мұратбек Мұхамедиев пен Мұса Хайруллиев 5 млн теңгеден бөлетінін айтты. Бегалы Ералиев 500 мың теңге беруге уәде етті. Демек, тағы 1,15 млн теңгені басқа депутаттар ортақ қорға аударған.

Бұған дейін БАҚ-та зардап шеккендерге Respublica партиясы 100 млн теңге бөлетіні жазылған. Алайда дәл осы сома аталған партиядан Құрылтайға сайланған депутаттардың жарналарынан құралған болып отыр: зардап шеккендерге 20 млн теңгеден беруге уәде еткен бес депутаттың барлығы да Respublica партиясының мүшелері. Бұл жерде сөз осы қаражат туралы болып отыр ма, әлде оған қосымша тағы 100 млн теңге бөлінбек пе – түсініксіз.

КӘСІПКЕРЛЕРДЕН ЖИНАЛҒАН ҚАРАЖАТ

Басқа партиялар мен қоғамдық бірлестіктерге қатысты да осындай түсініксіздік бар. Мәселен, кәсіпкерлер Андрей Лаврентьев пен Шахмұрат Мүтәліп қаза тапқандардың отбасыларына 25 млн теңгеден беруге ниетті екенін мәлімдеді.Сондай-ақ кәсіпкер Гаджи Гаджиев қаза тапқан және зардап шеккендерге 100 млн теңге, ал кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов 50 млн теңге беруге уәде етті.

Бұл адамдардың барлығы Қазақстан Халық кеңесінің құрамында. Жоғарыда атап өткеніміздей, аталған ұйым кәсіпкерлер тарапынан зардап шеккендерге 815 млн теңге бөлінетінін хабарлаған болатын. Бәлкім, бұл қаражаттың кем дегенде бір бөлігін кәсіпкерлер өз компаниялары атынан аударуды ұйғарған шығар. Себебі қарапайым арифметика Лаврентьев пен Мүтәліптің өздері ғана зардап шеккендерге шамамен 700 млн теңге бөлуді жоспарлап отырғанын көрсетеді. Дегенмен нақты қорытынды соманы күткен дұрыс.

Сондай-ақ Болат Өтемұратов қоры мен кәсіпкер Айдын Рахымбаев әр отбасыға 25 млн теңгеден беретінін мәлімдеді. Ал кәсіпкер Еркін Оқасов қаза тапқандардың отбасыларына 300 млн теңге бөлді.

Құрылыс саласындағы Beles компаниясы мен өнеркәсіптік Barys Dynamic компаниясы зардап шеккендерге 100 млн теңгеден берді. Сондай-ақ кәсіпкер Алмаз Әлсенов 50 млн теңге бөлді.

НЕСИЕЛЕР МЕН ӘУЕ БИЛЕТТЕРІ

Halyk Bank қаза тапқан мерзімді әскери қызметшілердің несиелерін есептен шығаратыны белгілі болды. Ал Halyk қоры қаза тапқандардың отбасыларына 25 млн теңге береді.

Air Astana мен FlyArystan қаза тапқан және аман қалған әскери қызметшілердің жақын туыстарына, сондай-ақ құтқарылған әскери қызметшілердің өздеріне Қазақстан аумағында 25 қыркүйек пен 3 қазан аралығында тегін әуе билеттерін ұсынуға кепілдік берді.

Бұл қайырымдылық шарасына нақты қанша қаржы бөлінгені белгісіз.

Алайда ең жуық есептің өзіне сүйенсек, «Ұлттық рух» қоғамдық ұйымының есепшоттарына жиналған қаражат 3,5 млрд теңгеден асуы тиіс.

Бұған қоса, аты-жөнін жарияламай ақша аударған компаниялар да, зардап шеккендерге көмектескісі келген қарапайым қазақстандықтар да болғаны анық.

МЕМЛЕКЕТ НЕ БЕРЕДІ?

Қайырымдылық көмегінен бөлек, қаза тапқандардың отбасыларына мемлекет тарапынан да заңда көзделген өтемақылар төленеді.

«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға сәйкес, мерзімді әскери қызметшілердің жақындары 500 АЕК көлемінде біржолғы төлем алуға құқылы.

Қазіргі АЕК 4 325 теңге екенін ескерсек, бұл бір әскери қызметшіге 2 млн 162,5 мың теңге төленеді деген сөз.

Қаза тапқандардың арасында аға лейтенант Олжас Мұхтаров та бар. Оның мұрагерлеріне төленетін өтемақы мөлшері өзгеше. Заңда соңғы атқарған әскери лауазымы бойынша бес жылдық ақшалай қамтылым мөлшерінде төлем қарастырылған.

Мұхтаровтың жалақысы ашық ақпарат көздерінде жарияланбағандықтан, оның туыстарына төленетін өтемақыны есептеу мүмкін емес. Алайда сол заңда мемлекет мәйітті тасымалдауға дайындау, тасымалдау, жерлеу, сондай-ақ үкімет белгілеген мөлшерде құлпытас жасау мен орнатуға байланысты шығындарды өз мойнына алатыны да көрсетілген.

ҚАРЖЫНЫ КІМГЕ СЕНІП ТАПСЫРДЫ?

Күмән тудырмайтын барлық соманы есептесек, қаза тапқан 14 отбасы мен аман қалған үш әскери қызметшіге көмек көрсету үшін «Ұлттық рух» қорында 3,5 млрд теңгеден астам қаражат жиналған.

Алайда көмек алушылардың саны артуы мүмкін. Оқу-жаттығуға бұдан да көп адам қатысты. Олардың зардап шекпей қалғаны – кездейсоқтық. Немесе ғажайып деуге де  болады. Бұл жағдайда екеуінің айырмасы жоқтай.

Сондықтан қазір қаражатты бөлу тәртібінің баршаға түсінікті, нақты әрі әділ болуы аса маңызды. Облыс әкімдігінде бізге бұл тәртіптің жақын арада жарияланатынын айтты. Қаражат көлемі де айтылады деп сендірді.

Біз «Ұлттық рух» қоғамдық ұйымы жинаған қаржының нақты сомасын білу үшін ұйымның негізін қалаушы, Құрылтай депутаты Аят Сүгірбайға тікелей хабарластық. Ол телефон тұтқасын көтергенімен, сұрақтарға жауап бере алмады. Қаражатты бөлу үшін неліктен дәл өзі құрған ұйым таңдалғанын Аят Сүгірбай білмейді. Дегенмен ол қаржының ашық бөлінетініне сенімді. Себебі бұл процесті облыстық Қоғамдық кеңес те, құқық қорғау органдары да бақылап отыр.

Аят Сүгірбай Астанаға депутат болып кеткеннен кейін қоғамдық бірлестікті Анар Кащиева басқарады.

Қоғамдық бірлестіктің ресми сайты жоқ. Қызметі туралы нақты ақпарат та көп емес.

«Ұлттық рух» қоғамдық ұйымы соңғы жылдары ең көп салықты 2024 жылы төлеген – 110 мың теңгеден сәл асатын сома. Сонымен қатар қоғамдық ұйымға жыл сайын өсімпұл есептеліп отырған. Шамасы,  салықтарды уақытында төлемейтін болса керек.

Енді зардап шеккендерге төленетін қаражатты үлестіру кезінде кідіріс болмаса екен деп үміттенеміз.

Әрине, қанша ақша берілсе де, қаза тапқандардың орнын толтыра алмайды. Бірақ марқұмдардың туыстары мен жалпы қоғам осы бастамаға қатысушылардың бәрінен көмектің ашық бөлінуін талап етуге құқылы.