Алматы облысы Жамбыл ауданында жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 2 адам жарақат алып, 1 адам қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, 30 қарашада «Mercedes Benz 280» жүргізушісі Алматы-Бесмойнақ автожолының 77 шақырымында келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Соның кесірінен қарсы беттегі «Ford Focus» автокөлігімен соқтығысқан және инерциямен «ВАЗ-2114» көлігіне соғылған.
Жол апатының салдарынан «Ford Focus» жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Түрлі жарақаттарымен екі жолаушы аудандық ауруханаға жатқызылды.
– Жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Өңір полициясы барлық жүргізушілерді рұқсат етілген жылдамдық режимін қатаң сақтауға және ҚР Жол ережелерін бұзбауға шақырады, – деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, тура бір ай бұрын Ақмола облысында пойыз автомобильді қағып, үш адам қаза тапты. Ал Павлодар облысындағы Атамекен – Русская Поляна автожолында екі көлік соқтығысып, жаңа туған нәресте қаза тапқан еді.