×
$
447.14
€
499.54
₽
5.46
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
447.14
€
499.54
₽
5.46

Алматы облысында Аққайнар ғибадатханасының аумағы дәретхана мен қоқыс орнына айналған

Бүгін, 10:28
Алматы облысында Аққайнар ғибадатханасының аумағы дәретхана мен қоқыс орнына айналған
Видео кадры

Алматы облысындағы көне Аққайнар ғибадатханасының аумағы қоқыс төгетін және дәрет сындыратын орынға айналған. Төрт мың жылға жуықтайтын жартас маңынан тұрмыстық қалдықтар мен қазылған шұңқырлар табылды. Жергілікті билік бұл аумақты әскери қызметкерлер оқу-жаттығу кезінде пайдаланатынын растады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиғаның мән-жайы

Тарихи ескерткіштің мүшкіл халге түскенін «Петроглифтерді іздеушілер» қорының белсенділері айтып, дабыл қақты. Олар Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Аққайнар шатқалына барған кезде қоқысқа толған шұңқырларды байқаған. Белсенділердің сөзінше, бұл шұңқырлар бұрын дәретхана ретінде пайдаланылған. Бұдан бөлек, көне жартастарға кейінгі заманда жазылған жазулар да анықталған.

Аққайнар ғибадатханасы мемлекет қорғауына алынған тарихи ескерткіш саналады. Мұнда қола дәуірінен бастап түркі және қазақ дәуірлеріне дейінгі кезеңдерді қамтитын жартас жазулары сақталған. Тастарға жануарлар, аңшылар, салт аттылар және басы ай пішіндес ерекше бейнелер қашалған.

Бұл тарихи орын жақын маңдағы Таңбалы археологиялық кешенімен де байланысты.

Белсенділер наразылық білдірді

Қоғам белсенділерінің айтуынша, тарихи аумақтың ластанып келе жатқанына көп жыл болған. Жақын жерде Отар әскери полигоны орналасқан. Ал әскери қызметкерлердің көне жартастарға қалдырған жазулары кеңес дәуірінің өзінде пайда бола бастаған.

Алайда кейінгі уақытта жағдай тіпті ушыға түскен. Енді петроглифтердің маңына тұрмыстық қоқыс тасталып, дәретхана жасалған.

«Айтарға сөзім жоқ.  Мына шұңқырлардың бәрі қоқысқа толған, ал бұған дейін дәретхана болған. Түсінесіздер ме, киелі тарихи ескерткіштің дәл үстін дәретханаға айналдырып жіберген», – деп ашуланды әуесқой археолог Ольга Гумирова.

Ол ата-бабаларымыз мыңдаған жыл бұрын тасқа қашап қалдырған суреттердің дәл жанында адамдар дәрет сындырып жүргенде, ел тарихына құрмет туралы қалай айтуға болатынын сұрады.

Әкімдік не дейді?

Матыбұлақ ауылдық округі әкімінің аппаратында әскери қызметкерлер оқу-жаттығу кезінде шатқалға келіп, далалық лагерь құратынын растады.

Шенеуніктердің айтуынша, аумақтың қоқысқа толып, күтімсіз қалғанына байланысты әскери гарнизон басшылығына бірнеше рет шағым түсірілген.

Әкімдік өкілдері 6 қарашада тарихи аумақты тазалау және абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылғанын хабарлады.

Белсенділердің шағымынан кейін жергілікті билік қалған қоқыс пен күлді қосымша шығарып, шұңқырларды көміп, аумақты толық ретке келтіруге уәде берді.

Сонымен қатар мамандар көне жартас суреттерінің қазіргі жай-күйін жеке тексеруге тиіс. Әкімдік бұл жұмысқа тарихи-мәдени мұраны қорғау саласының сарапшылары тартылатынын мәлімдеді.

Егер тексеру барысында ежелгі суреттердің бүлінгені анықталса, құзырлы органдар заң аясында тиісті шаралар қабылдауға уәде берді.

Сізге қызық болуы мүмкін