Жаңаөзенде оқушы қыз өзіне жала жапқаны үшін құрбысын ұрып-соғып, оқиғаны видеоға түсіріп алған. Зардап шеккен оқушы қыздың анасы түсірілімді көріп, полицияға арызданған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. Lada.kz сайтына сілтеме жасап.
Сот видео авторының ата-анасына айыппұл салды.
Іс материалдарына сәйкес, 11 жасар оқушы қыз сыныптасының үйіне келіп, одан подъезге шығуын өтінген. «Неге маған жала жауып жатырсың?» деп ұрып-соғып, не болып жатқанын видеоға түсіріп алған. Зардап шеккен қыздың анасы жазбаның бар екенін біліп, полицияға арызданған, әрі көрген кадрларын дәлел ретінде ұсынған.
Іс Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.
«Қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар қасақана әрекет жасаған (ҚР ӘҚБтК 127-бабының 3-бөлігі) кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін құқық бұзушының ата-анасына 20 АЕК (73 840 теңге) айыппұл салынды», деп хабарлады Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі.
Әзірге ешкім аппеляциялық шағым түсірген жоқ.