Үкімет басшысының орынбасары - ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров ел экономикасындағы қиындықтар аясында отставкаға кетесіз бе деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
– Бюджеттің қаражаты жетпей жатыр. Доллар қымбаттап, мемлекеттік борыш та артып барады. Үкіметтің экономика саласына жауапты адам ретінде отставкаға кетуім керек деп ойламайсыз ба? – деп сұрады Ulysmedia.kz. тілшісі Байбазаровтан Үкіметтегі баспасөз мәслихаты барысында.
Бұл сұраққа жауап берген Байбазаров “олай ойламайтынын” жеткізді.
– Өйткені біз бюджет теңгерімін жасадық. Мемлекеттің резервтері бар. Біз соны пайдаландық. Әрине, бюджеттің кірістері неге азайғаны туралы жан-жақты айтылды. Қаржы министрлігі болсын, біздің тарапымыздан түсініктемелер берілді. Оның барлығы ең алдымен, әрине Қазақстан экономикасының ашықтығы. Жалпы әлемдегі экономикамен тығыз байланыстамыз. Сондықтан, біздің түсім көздері экспортқа байланысты. Тауарлардың бағасының түсуі сияқты әртүрлі факторлар әсер етті. Долларға келер болсақ, ол әрине нарықтық баға. Сондықтан, біздің мақсатымыз – қазір отставка туралы ойлау емес, тезірек жағдайды тұрақтандырып, ары қарай экономиканы қамтамасыз ету, – дейді ол.
Доллар бағамы қымбаттап бара жатқан уақытта Нұрлан Байбазаров журналистердің басын қосып, Үкіметте баспасөз мәслихатын өткізіп жатыр. Ол дефолт қаупі жоқ дейді.
ДОЛЛАРДЫҢ ҚЫМБАТТАУЫ
28 қарашада доллар 525 теңгеге сатыла бастады. 18 қарашада Қазақстанның айырбастаушыларындағы доллар бағасы 500 теңгеден, ал 26 қарашада 503 теңгеден асқан еді.
Ұлттық банк осыған байланысты интервенция жүргізді.
Артынша Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 15,25% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.