×
523.17
550.06
4.93
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
523.17
550.06
4.93

«Сибурға» салынған санкция Атыраудағы полипропилен зауытына қалай әсер етіп жатыр

03.12.2024, 13:23
«Сибурға» салынған санкция Атыраудағы полипропилен зауытына қалай әсер етіп жатыр
ашық дереккөздена

Бұл сұрақты Ulysmedia.kz тілшісі өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа қойды.

МИНИСТРГЕ СҰРАҚ

Атыраудағы КРІ полипропилен зауыты Ресейдің Сибур компаниясына салынған санкцияға байланысты 1 млн тонна өнім өндіре алмай, 200 мың тоннаға жеткізе алмай отырғаны бұған дейін БАҚ-қа тараған еді. Немістің MAN компаниясы жобада Сибурдың үлесі болғаннан кейін міндеттемелерін орындағысы келмейтіні хабарланған.

– Бұдан хабарыңыз бар ма, жалпы? Сізде осы өндіріс бойынша қандай болжам бар? – деп сұрады Ulysmedia.kz тілшісі министрден.

ШАРЛАПАЕВ НЕ ДЕЙДІ

Бұл сұраққа жауап берген Қанат Шарлапаев осы зауыттың өз қуаттылығына жетпегеніне келіспейтінін айтады. Бірақ нақты өндіріс көлемін министр ашып айтпады.

– Иә, іске қосылғаннан кейін бірнеше проблема болды. Оны мойындауымыз керек. Бірақ ол мәселе екі жыл бұрын шешілді. Қолымда қанша тонна полипропилен өндірілгені жайлы ақпарат жоқ. Бірақ бір мысал келтірейін: қазір химия саласының өсімі 2024 жылы 2023 жылмен салыстырғанда 7 пайыздан асып, 8 пайызға жетіп жатыр. Екіншіден, полипропиленнің көбін біз 3-5 жыл бұрын сырттан әкелдік. Ал қазір импортталған полипропилен көлемі азайып жатыр. 60 пайыздан төмендеген. Ол ненің белгісі? Қазір полипропиленді шикізат ретінде пайдаланатын компаниялардың көбі Қазақстанда өндірілген өнімді пайдалануда. Әрине, проблемалар болды. Бірақ әр өндірісте осындай процестер болуы мүмкін. Қазір шешілді. Кәсіпорын жоспарлаған қуатына жетіп жатыр, – дейді ол.

Министрдің айтуынша, полипропиленді кейбір өңірлер шетелден алдырады. Өйткені арзанырақ түседі. Шарлапаев аталған зауыт арқылы бүкіл Қазақстанды отандық полипропиленмен қамтуға болатынын айтады.  

ЗАУЫТ ЖАЙЛЫ

Аталған мәселені әуелі Ақжайық басылымы жазған еді. Қазақстанның мұнайы мен газы телеграм арнасына сілтеме жасаған басылым 2022 жылдың қараша айында пайдалануға берілген KPI ЖШС Атырау полипропилен зауытында 2 жыл ішінде 1 млн тоннаға жуық өнім шығару жоспарланғанын хабарлады. Екі жыл өткенімен, өндірілген өнім нәтижесі – 400 мың тоннадан аз. Сала сарапшылары немістің MAN компаниясы жобада Сибурдың (Ресейдің санкцияға түскен компаниясы) үлесі барына байланысты келісімшарттағы міндеттемелерін орындағысы келмей отырғанын хабарлаған.