Жетісу облысында Алакөл мемлекеттік қорығының басшысы мен оның қарамағындағылар пара алғаны үшін заң алдында жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ПАРА АЛҒАН
Алакөл мемлекеттік қорығының басшысы, оның орынбасары мен бөлім басшысы сотталды. Олар қызмет көрсетілетін аумақта заңсыз шөп шапқан бір топ жергілікті тұрғыннан алдын ала сөз байласу арқылы бірнеше рет пара алып, олардың әкімшілік жауапкершілікке тартылмағаны үшін кінәлі деп танылды.
Қорықтың бұрынғы топ-менеджерлеріне миллиондаған теңге айыппұл салынды. Екеуі әрқайсысы 10,5 миллион теңгеден, енді бірі 15,7 миллион теңге айыппұл арқалады.
СОТ ҮКІМІ
Сондай-ақ Алакөл ауданының екі тұрғыны аталған тұлғаларға пара бергені үшін 6 миллион теңге және 2,2 миллион теңге көлемінде айыппұл төлейді.
Сотталғандарға мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынады. Сот актісі заңды күшіне енді. Айыппұл белгіленген мерзімде төленбесе, жаза бас бостандығынан айырумен ауыстырылады, – деп мәлімдеді сот.
Еске салсақ, бұған дейін жылуға бөлінген ақшаны жымқырғандар Астана мен Шымкенттен қос-қостап үй алғанын жазған едік.