×
523.17
550.06
4.93
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
523.17
550.06
4.93

Газет-журнал мәселесі: Цифрлық даму министрлігі таратқысы келмейді, Қазпошта ақша сұрайды

04.12.2024, 11:09
Газет-журнал мәселесі: Цифрлық даму министрлігі таратқысы келмейді, Қазпошта ақша сұрайды
Ulysmedia коллажы

Парламент Мәжілісінде депутаттар «Қазпошта» қызметін дамытуға арналған заң жобасын талқылап жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ОРАЗБЕК НЕ ДЕЙДІ

Талқы барысында депутат Аманжол Әлтай «Қазпоштаның» басылымдарды жеткізу шығынын субсидиялау функциясын Мәдениет және ақпарат министрлігінің құзыретіне беру мәселесін көтерген. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек бұл ұсынысты қолдайтынын айтты.

– Бұрын біздің министрлік Мәдениет және ақпарат министрлігімен біріктірілген болатын. Бір министрлік болғандықтан субсидияны бірден бердік. Қазір екі министрлік бөлек шықтық. Сондықтан осы басылымдарды тарату қызметтерін негізінде Мәдениет және ақпарат министрлігі өзіне алу керек», - деді вице министр. 

Соңғы бір жылда газет-журнал тасымалының субсидиясы 3 есе қысқарып қалған. Бұрын бюджеттен бұл бағытта 10 млрд теңге қаражат бөлініп, түгел субсидияға аударылып келген.

– Бірақ биыл бізге 3 млрд теңге ғана берілді. Яғни, басылымдарды жеткізу субсидиясының көлемі бізге байланысты емес», - деді Асхат Оразбек.

ҚАЗПОШТА БАСШЫСЫ НЕ ДЕЙДІ

Аталған мәселені Мәжілісте бірнеше депутат көтерген. Айдос Сарым консерватор адам екенін, кітапты “тірідей” оқығанды жақсы көретінін, газет-журнал өледі деген жаңсақ пікір екенін айтты. Қазпоштада қазір 3 мың мекеме, 20 мың адам бар. Сарымның сөзінше, сол кадрлар мен мамандарды сақтап қалудың бір жолы – газет-журналды жеткізу. Депутат Қазпоштаның басылымдармен байланысы қандай екенін сұрады.

Қазпошта басшысы Әсел Жанасова “газеттер мен журналдарды Қазпошта өлтіреді” деп көп айтылатынын, бірақ шын мәнінде аталған мекеме ауылдар мен қалаларды жалғастырып жатқан қантамыр екенін атап өтті.

– Бұл проблемалар жылдар бойы келе жатыр. Біреуін жеткізу 17 теңге тұрады. Автобусқа билетті қазір 17 теңгеге ала алмайсыз. Қаражаттың тапшылығына байланысты. Егер қаражат дұрыс бөлінсе, газет-журналдың жағдайы жақсарады, – дейді ол.

Әсел Жанасова қазақ тіліне басымдық берілетінін мәлімдеді. 

ДЕПУТАТТАР ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕРДІ ҰСЫНДЫ

Депутаттар шалғай ауылдарда почта филиалдарын ашу және жабу регламенті бойынша ұсыныстар енгізген. Екіншіден, заң жобасымен «Қазпошта» АҚ-ның өңірлерде дәрі-дәрмектерді жеткізу бойынша логистикалық әріптес болуына мүмкіндік беретін түзетулер ұсынды. Бұл оператордың инфрақұрылымын сақтап қалуға, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге және болашақта дәрі-дәрмектерді «есікке дейін» жеткізуді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Үшіншіден, ғаламтор арқылы әр түрлі қызмет көрсететін халықаралық платформалардың мүмкіндіктері біздерге қолжетімді болып жатыр. Заң жобасында ұсынылған түзетулер Қазпоштаға кеден брокері ретінде жұмыс жасауға жол ашады. Бұл тұтынушылар үшін кедендік құжаттарды ресімдеуді жеңілдетеді және халықаралық электрондық саудаға мүмкіндік береді.