Маңғыстау облысы әкімдігінің ғимаратында ер адам өзін-өзі өртеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙЫ
Оқиға сәті түсірілген бейнематериалдар әлеуметтік желілерде тарады. LADA басылымының мәліметінше, ер адам аутстаффингтік компанияда жұмыс істейді деген болжам бар.
Облыстық ішкі саясат басқармасының ақпаратына сәйкес, ер адам өңір басшысымен кездесе алмаған.
«Әкімдік қызметкерлері азаматқа бүгін облыс әкімі жеке мәселелер бойынша азаматтарды қабылдамайтынын түсіндіріп, белгіленген қабылдау күні келуді ұсынды», – деп хабарлады баспасөз қызметі.
Азаматты Қарақия ауданы әкімінің орынбасары қабылдағаны айтылды. Бірақ ер адам бұған қанағаттанбай, өзіне жанғыш қоспа құйып, өзін өртеген. От тез арада сөндірілді.
Ақтау тұрғыны облыстық ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта ол дәрігерлердің бақылауында. Медициналық қызметкерлердің айтуынша, науқастың жағдайы ауыр.
ТЕРГЕУ БАСТАЛДЫ
Полиция өзін-өзі өлтіруге итермелеу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізілуде.