Кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған "Алмалы" сауда орталығы қайта құрылып, балаларға арналған ғылым музейі болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бұл туралы оңтүстік астана әкімі Ерболат Досаев мәслихаттың кезектен тыс сессиясында мәлімдеді.
«2025 жылдан бастап Алматыда бұрынғы "Алмалы" сауда орталығының базасында ТМД-дағы балаларға арналған алғашқы ғылым музейін Science Museum Singapore ұйымымен бірлесіп құру жұмыстары басталады», – деді ол.
Жобаны жүзеге асыру үшін қалалық бюджеттен 12,2 миллиард теңге бөлінеді деп жоспарлануда.
"Алмалы" СОО бұған дейін кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған. 2023 жылы ол бұл нысанды басқа активтерімен бірге мемлекетке өз еркімен тапсырды. Ғимарат ұзақ уақыт бойы жабық тұрып, 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде қатты зардап шеккен.
2023 жылдың 15 қыркүйегінде Астана қалалық сотының апелляциялық алқасы Қайрат Боранбаевқа «ҚазТрансГаз» АҚ қаржысын талан-таражға салу және заңдастыру ісі бойынша үкім шығарды. Оның мүлкі тәркіленіп алты жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оны мемлекеттік наградаларынан айыру туралы ұсыныс жолданды және мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойы тыйым салынды.