×
516.93
542.52
4.98
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
516.93
542.52
4.98

Астанада “Естілмейтін үн” иммерсивті спектаклі сахналанды

08.12.2024, 17:30
Астанада “Естілмейтін үн” иммерсивті спектаклі сахналанды
Видео кадры

Елордадағы OzgeEpic креатив хабында белгілі журналист Арайлым Әлімхан мен ақын Мақпал Жұмабайдың бастамасымен “Естілмейтін үн” спектаклі сахнаға шығарылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Авторлардың айтуынша, «Естілмейтін үн» – жабық есіктердің ар жағындағы шындықтың шыңғыры. Бұл қойылымда әйелдердің көрінбей қалған көз жасы, айтылмай қалған айқайы, естілмей қалған үні көрініс тапқан.

“Естілмейтін үн” - бұл менің ғана оқиғам емес. Бұл - біздің қоғамның дертіне айналған, тіс жарып айтуға қорқатын, бірақ әр әйелдің басынан өткен оқиғалар жиынтығы. Бұл - шіріп жатқан проблеманың бетін қоғамға ашып көрсету. Бұл - шындықтан қашатын еркектерге ситуацияларды жаңа қырынан көрсету”, дейді спектакль авторларының бірі Арайлым Әлімхан.

Спектакльдің әрбір көрінісі, әрбір қимылы мен әуені әйел жүрегінің шындығынан туындаған. Отбасының тас қамалында тұншыққан зорлық, көшедегі қиянат, ұрланған өмір спектакльде пластика мен әуен арқылы көрініс тауыпты. Әрбір қимыл шындықтың көрінісі. Әрбір дыбыс мың жанның айқайы. Бұл әйелдердің үнін әйелдер жеткізген қойылым болды.

“Бұл – басынан өткерген оқиғаға өзін кінәлі сезінетін әйелдерге демеу беру. Бұл – зорлық-зомбылыққа төзбейтін орта қалыптастыру. Бұл – сіз бен біздің үніміз қосылып, жанайықайымыз шығып, кеңістікті тыныштыққа толтырар бақытқа айналдыру. Бұл – жан терапиясы”, деп жазды А.Әлімжан әлеуметтік желідегі парақшасында.

Осылайша, “Естілмейтін үн” иммерсивті қойылымы әрбір көрініс, қимыл мен әуен арқылы әйел жүрегіндегі шындықты жеткізді. 

Шығармашылық топқа келер болсақ, идея авторлары Арай Әлімхан мен Мақпал Жұмабай, пьеса авторлары Тоғжан Құрманжанқызы, Арай Әлімхан, Мақпал Жұмабай, Мия Алғожаева, қоюшы режиссері Шырын Мустафина, хормейстері Анель Сіргебаева, кеңесшілері Жаннұр Ділдабаева, Әйгерім Құсайынқызы.

Ал рөлдерді Назерке Серікболқызы, Анель Төлегенова, Сағыныш Нұрқайдарова, Аружан Малғаждарова, Әмірхан Оразбақ, Нариман Алдабергенұлы, Еркебұлан Есіркеп, Дария Ерболова, Алтынай Нұрбек, Анар Сәрсенғазиналар сомдады.