Көлік полицейлері іздеуде жүрген жас ананы сәбиімен бірге аман-есен тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Polisia.kz сайтының мәліметінше, Алматыда 6 желтоқсанда 20 жастағы жас ана сәбиін алып, үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Ол ата-анасымен бірге тұратын үйінен белгісіз бағытқа кетіп қалған.
Оның жоғалғаны туралы полицияға Алматы қаласының 44 жастағы тұрғыны хабарлаған.
Хабар түсе салысымен көлік полицейлері дереу іздестіру жұмыстарын бастап, жедел әрекетке кірісті. 7 желтоқсан күні Ақтау қаласы әуежайын патрульдеу кезінде желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері жоғалған әйел мен оның сәбиін анықтады. Екеуі де аман-есен табылып, жеке басы тексерілгеннен кейін ата-анасына тапсырылды, - делінген хабарламада.
Жас ананың ата-анасы көлік полицейлеріне дер кезінде көмек көрсеткені үшін алғысын білдірді.