Қырғызстанда медресе ұстаздары кәмелет жасқа толмаған қыздарды екінші, үшінші әйелдікке береді. Бұл туралы қырғыз парламентінің құқықтық тәртіп, қылмыспен күрес және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комитетінің отырысында депутат Айсұлу Мамашова мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
24.kg басылымының жазуынша, депутаттар «Дін ұстану еркіндігі және діни бірлестіктер туралы» заң жобасын талқылау кезінде заң жобасына «ерте некеге тұруға жәрдемдесу» нормасын енгізу қажеттігін айтқан. Өйткені медресе ұстаздары оқушыларын ерте некеге тұруға итермелейді.
«Ұстаздар өз беделін пайдаланып, қыздарға күйеуге шығу керектігін айтып, оларды екінші немесе үшінші әйел етіп береді. Біз кейбіреулерге бірнеше әйел алу мүмкіндігін заңды түрде бердік. Бұл – біздің шындығымыз. Егер бала медреседе оқыса, онда тек білім алуы керек, ал олардың некеге тұруына «жәрдемдесу» – бұл ерте некеге тұруға жәрдемдесу», – деді Айсұлу Мамашова.
Дін істері жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасы Азамат Юсупов Ішкі істер министрлігі тарапынан ерте некеге тұру деректерінің тіркелгенін растады. Оның айтуынша, мұндай әрекеттерге қарсы мүфтият пен заңдар бар.
Мүфтият төрағасының орынбасары Жоробай Шергазиев имамдар неке қию кезінде паспортты тексеретінін және неке жасына сәйкес әрекет ететінін айтты.
«Имамдар паспортты қарап, содан кейін ғана неке қияды», – деді Жоробай Шергазиев.
Алайда Айсұлу Мамашова мүфтияттың мұндай жауаптары дұрыс естілгенімен, шындықта жағдайдың басқаша екенін алға тартты.
Одан бөлек, Айсұлу Мамашова имамдарды жезөкшелікті заңдастырды деп айыптады.
Оның айтуынша, кейбір дін қызметкерлері бір түнге арналған неке жасайды.
«Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар орын алуда. ДУМК өкілдерінен осы сұраққа жауап беруін сұраймын. Имам неке қияды, содан кейін бүкіл түн бойы не істесе де өздері біледі, таңертең "талақ, талақ, талақ" (исламдағы ажырасу рәсімі) деп айтып, қоштасады. Бұл – ашықтан-ашық заңдастырылған түнгі жезөкшелік», – деді Айсұлу Мамашова.
Бұған дейін қапзақстан парламентінің депутаты да осы мәселеге алаңдаушылық білдірген. Мәжілісмен Ермұрат Бапи Иракта қыздардың неке жасын 18-ден 9 жасқа дейін төмендететін заң жобасы дайындалып жатқанын тілге тиек етіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұндай жауыздық әрекетті жазғырып, ал тиісті мемлекеттік органдар бақылауды күшейтуі керек екенін айтып, дабыл қаққан.