×
444.22
476.38
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
444.22
476.38
4.82

Тәуелсіздікке 30 жыл: Тоқаев пен Назарбаевтың қатысуымен елордада салтанатты жиын өтіп жатыр

15.12.2021, 15:07
Фото: Ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиын өтіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жиынға Президентпен бірге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысып отыр.

«Құрметті отандастар! Баршаңызды қастерлі Тәуелсіздігіміздің мерейлі белесімен шын жүректен құттықтаймын! Біз  осыдан отыз жыл бұрын бабалар арманын ақиқатқа айналдырдық. Жаңа Қазақ мемлекеті құрылғанын дүние жүзіне паш етіп, Тәуелсіздігімізді жарияладық. Егемендік – елдің бәріне бұйыра бермейтін бақ. Әлемде сан миллион халқы болғанымен, ұлтарақтай жері жоқ қаншама ұлт бар. Ал, қазақтың пешенесіне өз мемлекетін құру бақыты жазылды. Бұл – ұлы бақыт, ұлттың бақыты! Бұдан асқан қуаныш, бұдан биік мәртебе бар ма?!» - деді жиынды ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент халқымыз Егемендіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінетінін, өйткені, қазақстандықтар азаттықтың құны қандай екенін жақсы білетінін айтты.

«Бостандық жолында талай батырларымыз құрбан болды. Қаншама қиын күндер басымыздан өтті. Бірақ, халқымыз барлық сынақты қайыспай көтерді. Біздің мемлекеттілік тарихымыз мыңжылдықтардан бастау алады. Бір кезде бөрілі байрақ көтерген көк түріктер мәңгі ел болуға ұмтылды. Күлтегін мен Білге қаған туралы тастағы жазулар тарихымыздың тереңдігін танытады. Батыр бабаларымыз бүкіл Еуразияда ат ойнатқан қуатты мемлекеттер құрды. Сайын далада теңдесі жоқ көшпелілер өркениетін қалыптастырды. Алып құрлықтың саяси-экономикалық даму барысына  орасан зор ықпалын тигізді. Олар ұрпаққа асқақ рухын және өр намысын мирас етті», - деді ол.

Мемлекет басшысының айтуынша, Алтын Орда орта ғасырдағы алып мемлекет ретінде белгілі. Қазақ халқы осы ұлық ұлыстың тікелей мұрагері болып саналады. Одан кейін тарих төріне Қазақ хандығы шықты. Қазіргі таңда Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, Әз Тәукенің Жеті жарғысын білмейтін қазақ кемде-кем.

«Төл тарихымыздағы ең күрделі сәттерде халқымыз жұдырықтай жұмыла білді. Бұланты, Орбұлақ және Аңырақай шайқастары – осының айқын дәлелі. Қазақтың елдік жолындағы ерлігі отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық қозғалыстарда айқын көрінді. Алаш арыстары дербес мемлекет құру үшін жанын пида етті. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ел азаматтары майдан даласында ерлікпен шайқасты. Кеңес заманында зиялыларымыз тіліміз бен ділімізді сақтап қалу үшін аянбай еңбек етті», - деді Тоқаев.

Жиынды журналистер Қазмедиа орталығында онлайн режимде көріп отыр.

 

Серіктес жаңалықтары