«Сіз жалғыз емессіз», «Зорлық-зомбылықты ақтауға болмайды», «Кінәлілер жауапқа тартылуы керек» деген үндеулерді Қазақстандағы дипломатиялық корпус өкілдері қазақ тілінде жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қазақ тіліндегі үндеу
25 қараша – Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюдың халықаралық күніне орай Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілдігі, Нидерланд пен Испания елшіліктері, БҰҰ-ның Әйелдер құрылымы және ЕО-ның Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич Instagram желісінде бірлескен бейнеролик жариялады.
Видеода акцияға қатысушылар зорлық-зомбылықты тоқтатуға, әділдікке қол жеткізуге және күш біріктіруге шақырған жазулары бар плакаттарды ұстап тұр. Олардың көпшілігі әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің символы саналатын қызғылт сары түсті киімдер мен аксессуарлар таққан.
– Бүгін Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюдың халықаралық күніне орай біз «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» жаһандық науқанына қосыламыз. Біз әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрін тоқтатуға, әділдікті қамтамасыз етуге, зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерді қолдауға және кінәлілерді жауапқа тартуға шақырамыз. Әрбір әйел мен қыз қауіпсіз, қорқынышсыз әрі қадір-қасиеті құрметтелетін ортада өмір сүруге лайық, – делінген бірлескен жарияланымда.
Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн
Бейнеролик жыл сайын 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өтетін «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» жаһандық науқанының басталуына орайластырылған. Науқан 10 желтоқсан – Адам құқықтарының халықаралық күніне дейін жалғасады.
Жақында Ulysmedia.kz Қазақстанда полицияға арызданғаннан кейін де әйелдер мен балалардың неліктен қорғансыз қалатыны туралы материал жариялаған еді. Редакция бірнеше атышулы істі мысалға алып, құқық қорғау органдарының зорлық-зомбылық туралы хабарламаларға қалай әрекет ететінін көрсетті.
Адвокаттар мен құқық қорғаушылар қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін заңдарды қатаңдату неге жеткіліксіз екенін және полиция қызметкерлерінің әрекетсіздігі үшін кім жауап беруі керегін түсіндірді.